Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Өтірік мақтағанға мәзбіз": белгілі әбебиет сыншысы Нобел алған қаламгер туралы

12:33, 11 қазан 2024 1117

Белгілі сыншы, әдебиеттанушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілікұлы биыл әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын алған оңтүстіккореялық жазушы Хан Гангтың шығармашылығы туралы пікір білдіріп, замандас қаламгерлерді әлеуметтік желідегі жел сөзге ере бергенше осындай дүниелер жазуға үндеді, деп хабарлайды Alash.KZ Ulysmedia.kz сайтына сілтеп.

Қош. Сонымен 2024 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы менен екі жас кіші замандасым оңтүстіккореялық жазушы Хан Ганға бұйырды. Осыдан сегіз жыл бұрын 2016 жылы ол «Ет жемейтін әйел» романы үшін Букер сыйлығын алған еді. Жаңалықты ести салысымен Литрес Книги сайтынан Хан Ганның екі кітабын «Человеческие поступки» (Адамдық әрекеттер) және «Вегетарианка» (Ет жемейтін әйел) тауып алып, түні бойы ұйықтамай оқып шықтым. Бұл жолғы Нобель сыйлығы өз иесін тауып, лайықты жазушыға берілген екен, – дейді әдебиеттанушы.

Амангелді Кеңшілікұлының айтуынша, «Ет жемейтін әйел» (бұған дейін «Вегетариан» деп аударылған еді – ред.) романы өте шебер жазылған.

Маған Хан Ганның «Ет жемейтін әйел» романы қатты ұнады. Шығарманың оқиғасы қарапайым ғана. Бір әйел түнде қорқынышты түс көріп, ет жеуден бас тартады. Міне, осы кезден оның күйеуімен, қоғамдағы адамдармен қарым-қатынасы күрделене түседі. Роман өте шебер жазылған. Шығарма біресе күйеуінің атынан баяндалып, біресе әйелдің көзімен беріледі. Автор детальдарға қатты мән береді. Бір артық сөйлем жоқ. Стильдің нәзіктігіне қарап, автордың мәтінмен күні-түні жұмыс істегенін түйсігіңмен сезесің. Мына екі кітапты оқып болғаннан кейін Оңтүстік Кореядан шыққан қаламгерлердің туындыларын оқуға деген құлшынысым арта түсті.

Ей, қазақтар. Замандастарымыз әлемге танылып, Нобель сыйлығын алып жатыр. Ал, біз әлеуметтік желіге желімше жабысып алып, бір-бірімізді өтірік мақтағанға мәзбіз. Қашан есімізді жиып, өзімізді қамшылаймыз. Әлде, ішкен-жегенімізге ғана мәз болып, өз жазғандарымызға өзіміз ғана тамсанып осылай жүре береміз бе? Өмір болса өтіп барады, – деп жазды ол.

Бұған дейін әдебиет саласы бойынша 2024 жылғы Нобель сыйлығын оңтүстіккореялық жазушы Хан Ган алғанын хабарлаған болатынбыз.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар