Алматылық «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин команданың бұрынғы ойыншысы Дастан Сәтпаевтың ағылшындық «Бернли» клубына ауысуына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Клуб түлегі өткен аптада лондондық «Челсиден» Чемпионшип өкіліне жалға берілген болатын. Маманның пайымдауынша, бұл футболшы үшін өте дұрыс жасалған таңдау.
Оразбахтиннің сөзінше, Қазақстан біріншілігінен кейін бірден АПЛ деңгейінде ойнап кету оңай емес. Сонымен қатар «Челсидің» шабуыл шебінде бәсекелестік жоғары, ал команда тізгінін ұстаған Хаби Алонсо клубқа нақты нәтиже көрсету үшін келген. Осы орайда Чемпионшиптің жоғары қарқыны Дастанның шыңдалуына және жеткілікті ойын практикасын алуына үлкен септігін тигізеді.
Сондай-ақ бапкер бұл трансферге Хаби Алонсоның өзі тікелей ықпал еткенін жеткізді. «Челси» жаттықтырушысы футболшының Англияда қалып, оның даму барысын жақыннан бақылап отыруды талап еткен. Дастанның өзі де бұл шешімге дән риза екенін айтты.
Рафаэль Уразбахтин: «Объективті түрде қарасақ, оның Англияда қалғаны жақсы болды. Шынайы болайық, Қазақстан чемпионатынан бірден АПЛ-да ойнап кету, жұмсартып айтқанда, өте қиын. «Челси» шабуыл шебіне үлкен топты жинап алды, оның үстіне Хаби Алонсоның клубқа үлкен амбициямен келгенін ескеру керек. Ол онда жастарды дамыту үшін емес, нақты міндеттерді шешу үшін шақырылды. Бұл жағдайда Дастан үшін бұл өте жақсы шешім. Чемпионшип – өте қарқынды чемпионат, бәлкім, онда АПЛ-дағыдай жоғары деңгейлі ойыншылар жоқ шығар, бірақ ойын деңгейі мен қарқыны Дастанға пайдалы болады. Сонымен қатар, Дастан «Бернлиде» өз ойын уақытын алатынына сенімдімін. Біздің басшылық Дастанмен сөйлесті, оның айтуынша, оның Англиядан ешқайда кетпеуін дәл осы Алонсо талап еткен. Алонсо оны жақын жерде ұстап, оның ілгерілеуін бақылағысы келеді. Дастанның өзі де, менің түсінуімше, бұл нұсқаға риза. «Бернли» сапында қанша гол соғатыны туралы болжам ба? Егер оншақты гол салса, тіпті тамаша болар еді», — деді.