Мемлекет басшысы Құрылтай отырысында Вице-Президент және Премьер-министр лауазымдарына кандидатураларды ұсынды, деп хабарлайды Alash.kz.
Ақорданың хабарлауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай отырысына қатысып, Конституцияның 46-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Вице-Президенті мен Премьер-министрінің кандидатураларын Құрылтай депутаттарымен келісті.
Мемлекет басшысының айтуынша, Вице-Президент мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша рөл атқарады, сондай-ақ билік тармақтары арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді, Құрылтай депутаттарымен және Үкіметпен тығыз жұмыс істейді, Конституцияға сәйкес Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді іске асырады.
Президент бұл лауазымға Ерлан Тынымбайұлы Қариннің кандидатурасын ұсынды.
– Ерлан Қарин – елге танымал азамат. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде ұзақ жыл жұмыс істеді, көкжиегі кең, тәжірибесі мол, отаншыл азамат деп айтуға болады. Ауқымды реформаларды сапалы іске асыруға белсенді түрде атсалысты. Мемлекеттің стратегиялық бағдарын, даму жоспарын жақсы түсінеді. Сондықтан Ерлан Тынымбайұлы Қаринді осы лауазымға лайық деп есептеймін. Құрылтайдан бұл кандидатураны қолдауды сұраймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.