Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстан Палестинаға қандай көмек көрсетеді?: СІМ мәлімдеме жасады

19:43, 30 тамыз 2026

Қазақстан Палестинаға азық-түлік көмегін көрсетуге, Газаның әлеуметтік инфрақұрылымын қалпына келтіруге қатысуға және палестиналық жастарға білім беру гранттарын бөлуге дайын, деп хабарлайды Alash.kz.

Бұл туралы Ислам ынтымақтастық ұйымы (ИЫҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің төтенше сессиясында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев мәлімдеді. Басқосудың басты тақырыбы Палестина төңірегіндегі жағдай мен палестиналық аумақтардағы гуманитарлық дағдарыс болды. Тілшілердің хабарлауынша, А. Исағалиев бұл қақтығысты саяси-дипломатиялық жолмен мүмкіндігінше тезірек реттеу керектігін айтты.

Оның сөзінше, Астана Палестинаны халықаралық алаңдарда қолдап қана қоймай, нақты практикалық көмек көрсетуге де әзір. Ұсынылып отырған шаралардың қатарында азық-түлік жеткізу, Газадағы әлеуметтік нысандарды қайта тұрғызуға қатысу және жергілікті жастарға білім беру гранттарын бөлу бар. Сонымен қатар Қазақстан «екі халық үшін екі мемлекет» формуласын, сондай-ақ Астанасы Шығыс Иерусалим болатын 1967 жылғы шекарадағы тәуелсіз Палестина мемлекетін құру бастамасын қолдайтынын кезекті рет растады.

Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар Палестина төңірегіндегі жағдайға қатысты арнайы резолюция қабылдап, ИЫҰ-ның жаңа бас хатшысын сайлады. Сонымен бірге тараптар дипломатиялық күш-жігерді арттыру, гуманитарлық көмекті ұлғайту және аймақтағы шиеленістің одан әрі күшеюіне жол бермеу мәселелерін пысықтады.

Еске сала кетейік, Газа секторындағы қақтығыс 2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС пен оның одақтас топтарының Израильдің оңтүстігіне жасаған шабуылынан кейін туындаған болатын. Ол кезде 1200-ге жуық адам қаза тапса, 250-ден астам тұрғын кепілге алынды. Осыған жауап ретінде Израиль Газа аумағында ауқымды әскери операция бастады. 2026 жылдың тамызына қарай ірі әскери соқтығыстар бәсеңдегенімен, аймақтағы жағдай әлі де тұрақсыз болып отыр.

Қазіргі уақытта Израиль тарапы жекелеген соққылар мен рейдтерді жалғастыруда, ал ХАМАС-ты толық қарусыздандыру, әскерлерді шығару және секторды болашақта басқару жүйесі бойынша келіссөздер толық аяқталған жоқ. Соғыс салдарынан Газа инфрақұрылымы ауыр қирауға ұшырап, халықтың басым бөлігі босып кетті. Әлі де су, электр энергиясы, медицина және азық-түлік тапшылығы сақталып отыр. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар