Белгілі актриса, әнші Қайрат Нұртастың жары Жұлдыз Әбдікәрімова елдегі отбасылық зорлық-зомбылық пен қайғылы оқиғаларға қатысты өз пікірін білдіріп, әлеуметтік желіде әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.
Ол әйелдерге жасалатын әлімжеттік пен қоғамдағы бейжайлық мәселесін көтеріп, әрбір азаматты өз жауапкершілігін сезінуге шақырды. Актрисаның айтуынша, заң, білім мен тәрбиеден бөлек, әр адам, ең алдымен, өз бойындағы «адамдық межені» сақтауы тиіс.
Меже қандай?
Соңғы уақытта жаңалықтар легін қарай алмай жүрмін.
Елдің болашағы туралы айтып, келешегімізді талқылап жатқанда, тағы бір ана ажал құшты. Өзге біреуден емес, өзі сүйіп, сеніп, өмірін байлаған жарынан.
Қыз баласы үшін өз үйі, өз жары қауіпсіз бола алмаса, біз қандай болашаққа ұмтылып жүрміз?
Мен бұған тек тәрбиесіз, білімсіз ер адам кінәлі демеймін. Ерте тұрмыс құрған бойжеткенді де кінәламаймын. Қатыгез қоғамды ғана айыптағым келмейді.
Меніңше, мәселе — әр адамның адамдық межесінде.
Ардың межесі қандай?
Ұяттың межесі ше?
Жауапкершіліктің, құрметтің, мейірімнің шегі қайда?
Қоғамда, ортамызда, отбасымызда болып жатқан жағдайларға әрқайсымыздың қатысымыз бар. Өйткені қоғам — бізден бөлек тұрған бір ұғым емес.
Қоғам — мен, сен, біздің отбасымыз, біздің балаларымыз.
Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста дегенді мен ойлап тапқан жоқпын. Ғасырлар бойы ойшыл даналар айтып келеді.
Әр ана ұлы мен қызына адамдық пен мейірімді үйретсе, әр ер азамат өз әрекетіне жауап берсе, әр әйел өз сөзі мен ісіне жауапкершілікпен қараса, әр шенеунік атқарып отырған қызметін аманат деп түсінсе, қоғам да біртіндеп өзгерер ма еді?
Заң керек. Білім керек. Тәрбие керек. Бірақ олардың бәрінен бұрын, әркім өзінен былай сұраса екен:
Менің АДАМдық межем қандай?