Біріккен Араб Әмірліктерінде көз жұмған Ақжан мен Жұлдыз Бохановалардың денесі Отанына жеткізілді, деп хабарлайды Alash.kz.
Марқұм апалы-сіңлілі қыздардың денесін елге қайтару жұмыстарын Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы толықтай ұйымдастырды. Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында жергілікті құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
«Қыздардың қазасына байланысты тергеу амалдарын БАӘ-нің құқық қорғау органдары жалғастырып жатыр. Қазақстандық дипломаттар прокуратурамен және әмірліктің өзге де құзырлы органдарымен тұрақты байланыста. Олар марқұмдардың отбасына қажетті қолдау көрсетуді жалғастырады. Сыртқы істер министрлігі қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына тағы да қайғырып көңіл айтады», — деді ҚР СІМ ресми өкілі Жанболат Үсенов.
Еске салсақ, апалы-сіңлілі Бохановалардың Шарджа қаласында қаза тапқаны туралы ақпарат 25 тамызда белгілі болған еді. Осы уақытқа дейін дипломаттар қажетті құжаттарды рәсімдеп, БАӘ тиісті органдарымен тығыз әрекеттесіп келді.