Солтүстік Кипр жағалауында 267 адамы бар Filojet жолаушылар паром-катамараны апатқа ұшырады, деп хабарлайды Alash.kz.
Соңғы мәліметтер бойынша, қаза тапқандар саны сегіз адамға жеткен. Құтқарушылар 237 адамды аман алып қалды, ал 20-дан астам жолаушы мен экипаж мүшесі әлі де табылмай жатыр.
Оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі бортында ел азаматтарының болуы мүмкін деген ақпаратты тексеріп жатқанын хабарлады.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, Кипр аралы жағалауында апатқа ұшыраған кеме бортында Қазақстан азаматтары болмаған. Қазақстандық дипломаттар ақпаратты тексеруді жалғастыруда», — деп мәлімдеді СІМ.
Еске сала кетейік, паром-катамаран Гирнеден (Кирения) түріктің Ташуджу қаласына бағыт алған болатын. Порттан шыққаннан кейін көп ұзамай су кіріп, кеме жағалаудан шамамен төрт теңіз милі қашықтықта аударылып кеткен. Құтқару жилеттерін киген жолаушылардың бір бөлігі су бетінде қалған корпус бөлшегіне шығып үлгерсе, базбірлері теңіз ішінен құтқарылды. Бирнеше сағаттан кейін паром толығымен суға батып кетті.
Құтқарылғандардың 161-і ауруханаға жеткізілсе, қалған 76 адамға медициналық көмек қажет болмады. Оқиғадан кейін кеме капитаны мен экипаждың жеті мүшесі қамауға алынды.