Атырауда 17 жастағы бойжеткенді жыныстық қатынасқа мәжбүрлеп, жүкті қылған ер адамның үстінен қылмыстық істің тоқтатылғаны белгілі болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Жәбірленуші күдіктімен кәмелетке толмай тұрып танысқан. Ер адам бойжеткенді еркінен тыс жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген, салдарынан бойжеткен өзінің аяғы ауыр екенін білген. Бұдан кейін азамат оған өзіне тұрмысқа шығуды ұсынған. Ал ол кезде ер адамның заңды әйелі мен алты баласы болған.
Жәбірленуші бойжеткен осы оқиғаға қатысты: «Ол маған физикалық күш көрсете бастады. Осындай жағдайлардың бірінен кейін полицияға арыз түсірдім, алайда ер адамның әйелі кешірім сұрағаннан кейін арызды кері қайтарып алдым», — деп мәлімдеді.
Сонымен қатар атыраулық қыз жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылыққа байланысты құқық қорғау органдарына қайта жүгінген. Оның айтуынша, соңғы рет тамыз айында арыз жазған. Бірақ кейін бұл қылмыстық істің тоқтатылып тастағаны белгілі болған.
Қазіргі уақытта жасы 18-ге толған бойжеткен көмек сұрап құқық қорғаушы Ләззат Рақышеваға жүгінді. Құқық қорғаушы бұл оқиғаны Threads желісіндегі парақшасында жариялады. Рақышеваның айтуынша, бойжеткен болған жайтты ұзақ уақыт бойы отбасынан жасырып келген, ал ер адаммен тек WhatsApp желісі арқылы байланыста болған.