Франция Президенті Эмманюэль Макрон жетекші еуропалық басылымдарға берген сұхбатында Еуропалық Одақтың қазіргі геосаяси ұстанымы мен шешім қабылдау жылдамдығына қатысты сыни пікір білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Франция басшысының пайымдауынша, Еуропаның баяу әрекет етуі мен ішкі жікке бөлінуі тарихи тұрғыда сәтсіздіктерге алып келген. Ол бұған мысал ретінде АҚШ-тан басталған қаржылық дағдарысты атап өтті. Cол кезеңде Еуропа елдері бірлескен стратегияның болмауынан айтарлықтай үлкен шығынға ұшыраған болатын. Керісінше, COVID-19 пандемиясы кезіндегі біртұтас іс-қимыл оң нәтиже бергенін алға тартты.
Қазіргі таңда Еуропаның қауіпсіздік мәселесіндегі жайбарақаттығына тоқталған Президент алдағы уақытта жаңа геосаяси қатерлердің күшейетінін ескертті. Ол Трамп әкімшілігінің саясаты мен түрлі экономикалық баж салықтары секілді факторлардың Еуропа үшін үлкен сынақ болатынын айтты.
Эмманюэль Макрон өз мәлімдемесінде былай деді: «Бәрі бітті деп бір секундқа да сенбеңіздер. Күн сайын, апта сайын жаңа қатерлер туындауда. Еуропа жарақаттан зардап шегуде: әрбір шиеленістен кейін қорқақтықпен жеңілдеп қалу кезеңі жүреді. Бұл дағдарыс терең геосаяси жарылысты білдіреді».
Франция басшысы Еуропа елдерін «геосаяси кәмелетке толмаған күйден» шығып, өз мүдделерін қорғауға және қорғаныс саласы мен озық технологияларға ауқымды инвестиция салуға шақырды. Оның ішінде жасанды интеллект пен кванттық компьютерлерді дамытудың стратегиялық маңызына ерекше назар аударды.
Макрон Еуропаның болашағына қатысты өз болжамын былайша түйіндеді: «Бұл — жеңіске жету қажет болатын шайқастар. Егер біз ештеңе істемесек, бұлай жалғаса берсе, онда бес жылдан кейін Еуропа болмайды».