Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Осы күні қазақтың өзін-өзі билеп отырған бір ісі жоқ - Міржақып Дулатұлы

02:42, 20 шілде 2024 468

Біздің қазақ жұрты земство деген сөзді бұрын естімеген. Алым ақшалардың кейбірі "земский сбор" деп жиылатынын естіген болса да, оның да мәнісін білмейді. Қазақ халқы орыс патшалығына қарағаннан бері неше түрлі заң шығып, әрқайсысы кезінде өзгеріліп тұрды. Олардың бәрі бірдей қазаққа пайдалы болған жоқ. Пайдалы болатындары болса да, қазақ пайдаланбай теріс түсініп, зиян көрді. Мысалы, сайлау низамы ілгері уақыттарда қазаққа ағасұлтан, тархан дистаничнай, советник деген дәрежелер беріліп, олар көпке бармай жоғалып, жаңа низам бойынша осы күнгі сайлау шықты.

Закон деген нәрсе заманның өзгерілуіне һәм тарих дөңгелегінің айналасына қарай өзгеріліп тұрады. Заман нені тілесе, сол нәрсе закон болмақшы.

Біздің қазақ орысқа қарады, онан соң һүкімет қалай билесе солай жүрді. Мынау біздің әдет-ғұрып, тұрмысымызға қайшы келеді деп, түбін ойлап, өзіне керекті һәм пайдалысын сұраған жоқ. Біз тілемегенмен, бізден гөрі көздері ашық жұрттар қарап тұрмайды. Олар заманның ыңғайына, тұрмысының ағынына көлденең келмейтін законмен биленуін сұрайды. Бәріміз бір патшалықта болған соң басқалар тапқан пайдалы жол, үлгілі істен біз де өрнек аламыз, солардың шылауында біздей ақылы толмаған жас жұрттар теңдікке жетеді.

Жұртқа пайдалы заңның бірі земство еді. Мұның Россияда басталғанына 50 жыл болды. Сонан бері жұртқа тегіс жайылмай, бірте-бірте көбейіп келеді. Енді біраз жылдарда біздің қазақ облыстарында земство ашылу ықтималы бар. Соның үшін земство не нәрсе екенін күн ілгері біліп тұру тиіс. Егер күн ілгері һүкімет өз тұсынан қазаққа земствоны басқалармен қатар тезірек бере қоймағанда да, жұрт керек һәм пайдалы екеніне көзі жетіп, қалай пайдалану, қалай алу керектігін түсініп тұрса, ерте ме, кеш пе, болмай қалмайды. Не нәрсе екенін білмесе, керекті екенін сезіп ұмтылмаса, бізге кім әкеліп бермекші.

III Дума Орынбор, Астрахан губернияларында земство ашуға закон шығарып еді. Ішкі істер министрі осы земстводан Астраханға қарайтын бөкейлік қазағы тысқары болсын деп, IV Думаға закон жобасын кіргізді. Мұны жақсылықтан мақрұм қалу деп бөкейліктер қайғыру түгіл, көрші жұрттарына келіп жатқан жұт па, құт па, оны ойлаған да жоқ.

Біздің қазақты көптен билеп келе жатқан - ояз, крестьянский начальник, пристав секілді төрелер. Жұрт ісі түгел бұлардың қолында тұр десе тұрады, жат десе жатады. Крестьянский начальник қазақтың қандай приговорларын бұзуға ерікті.

Қазақ жас бала мысалында. Жас балаға қараушы, билеуші қандай керек болса, қазақтың да сондай билеуші, көздеушілері даяр тұрады. Бір кісінің тізгіні біреуде болып, еркі болмау қандай кемшілік болса, бір тайпа жұрттың өз еркі өзінде болмауы онан мың есе жаман. Осы күні қазақтың өзін-өзі билеп отырған бір ісі жоқ. Жұрттың тіршілік, шаруа істерін өзі билемей, төрелер билейтін жол зиянды екені айдан анық болған соң, ескіні қалдырып, жаңа заң шығару керек еді. Ол заңымыз земство, яғни жұрттың билігі өзіңде болу. Ал жұрт өзін-өзі билеуіне земствоның не нәрсе екенін анық түсініп танысуы керек. Земство ісінде жұрт өз құқын (правосын) білуі тиіс. Жұрт білерге керек, земство халыққа қалай қызмет етеді һәм білерге керек, земство мен һүкімет арасы қалай болады?

Міне, біздің мақсатымыз - қазаққа земствоның не нәрсе екенін мұнан былай түгел түсіндіру.

Міржақып ДУЛАТҰЛЫ

«Земство не нәрсе?» мақаласынан

«Қазақ» газеті, 1913 жыл, №29

Дереккөз: Дулатұлы М., Алты томдық шығармалар жинағы. 2-том. - Алматы, 2013 ж.

 Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар