Халық әртісі, әнші Тамара Асар Қазақстан Халық партиясы атынан Құрылтай депутаттығына үміткер ретінде тіркелді, деп жазады Alash.kz.
Әнш депутаттыққа ұсынылғаннан кейін өзіне сын айтқан желі қолданушыларына жауап берді.
Өнер иесі өз сөзінде әрбір азаматтың елге қызмет етуге құқығы бар екенін айтты.
“Әншілік мамандықтың партияға мүше болып, кандидаттыққа ұсынылуы осынша қоғамда диссонанс туғызғаны ерекше құбылыс.
Демек белсенді жазғыштардың түсінігінде өнер адамы саясаттан, қоғамдық жұмыстан ада жүруі керек деген ой бар ма? Әлде әншілік мамандық осынша интернетті басына көтеретіндей өте мықты немесе жексұрын мамандық па?
Әр адамның жүрегінде елге пайда, қоғамға қызмет жасағысы келетін саяси сұраныс бар.
Партияның ұсынысын қабыл алуға ата-анадан алған тәрбием, жинаған білімім, ғылыми дәрежем, өмірлік тәжірибем сүйеу!”- деді Тамара Асар.
Оның айтуынша, кандидат ретінде тіркелу депутат атанды дегенді білдірмейді. Сондықтан сайлау аяқталмай тұрып асығыс қорытынды жасамауға шақырды.
“Сайлау науқаны енді басталды, сайлаушы партиялардың белсенділігі мен өтімділігі өз нәтижесіне жеткен жоқ. Үгіт-насихат жұмыстарын ешкім бастаған жоқ. Кандидат деген 100% депутат емес. Мерзімінен бұрын асығыс пікір білдіру өзге емес, өзіңе жасаған қиянат.
“Жақсы айтты деп сүйінбе, жаман айтты деп күйінбе. Сүйінсең масаттанып кетесің, күйінсең өзіңді жоғалтасың”-деп еді ӘКЕМ.
P.S. Ардақты АҒАЙЫН! Қуанып жақсы пікір білдіріп, құттықтағандарға көп-көп рақмет!
Ал құлақты кесіп, төбені тесіп пост арнап, арнайы парақшасынан орын беріп, күнә мен қиындықты бойымнан көтеріп алып, жолымды ашып жатқандарға мың рақым! Сіздердің әрекеттеріңіз мені шынықтыра түсуде”,- деп жазды Тамара Асар.