Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірге халықаралық «Доспехи Бога 4: Ультиматум» (Armour of God: Ultimatum) көркем фильмінің түсіріліміне қатысу үшін арнайы келген аты аңызға айналған актер, режиссер, продюсер әрі жекпе-жек өнерінің шебері Джеки Чанды қарсы алды, деп жазады Alash.kz.
Өңір әкімдігінің хабарлауынша, Маңғыстаудың ауқымды халықаралық киножобаның негізгі түсірілім алаңдарының бірі ретінде таңдалуы әлемдік киноиндустрияның Қазақстанның бірегей табиғи ландшафттарына деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Фильмнің басты түсірілім орындарының бірі – әлемге әйгілі Бозжыра шатқалы болмақ.
Кездесу барысында Нұрдәулет Қилыбай мұндай ауқымды халықаралық жобалардың өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, инвестиция тартуға және Маңғыстаудың әлемдік деңгейдегі танымалдылығын күшейтуге зор серпін беретінін атап өтті.
Джеки Чан жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, Маңғыстаудың табиғи ландшафттары ерекше кинематографиялық әлеуетке ие екенін және болашақ фильмнің ең көрнекті көріністерінің біріне айналатынын айтты.
«Доспехи Бога 4: Ультиматум» (Armour of God: Ultimatum) жобасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Фильмнің өндірісімен қазақстандық Sәlem Entertainment компаниясы айналысады.