«Жаз – демалыстың уақыты. Қарапайым адамдар үшін ғана емес, олигархтар үшін де. Іскерлік өмір бәсеңдеген тұста демалуға әбден болады. Қазақстанның ауқатты адамдары дәл қазір қайда демалып жатыр? Біз мұны әлемдік мұхиттардағы кемелер мен қайықтардың ізін кесетін Marinetraffic жобасы арқылы анықтап көрдік және Forbes тізіміндегі қазақстандық олигархтарға тиесілі төрт супер-яхтаны таптық», – деп жазды телеграм-канал.
Болат ӨТЕМҰРАТОВ. Олигархтың Avantage яхтасы Сардиниядағы (Жерорта теңізіндегі арал – ред.) Cala Petra Ruja жағажайының маңында қаңтарулы тұр. Қазақстанның экс-президенті Н.Назарбаевқа өте жақын олигарх супер-яхтаны 2020 жылы 180 млн долларға сатып алған.
Қайықтың ұзындығы – 87 метр. Командадағы 18 адамнан бөлек, яхтада 14 қонақты құрметтеп күтуге болады. Өтемұратовтың қайығы әлемдегі ең үлкен яхталар рейтингінде 132-орында тұр.
Александр МАШКЕВИЧ. Машкевич те әйгілі Lady Lara суперяхтасын Сардиниядағы Lucarone мүйісіндегі «мамағашқа» әкеліп байлапты. Осылайша ол Өтемұратовқа «қоңсы» келіп қонған.
Lady Lara яхтасының құны – 160 млн доллар. Бұл да Өтемұратовтың суперяхтасын жасағандардың қолынан шыққан. Ұзындығы – 92 метр. Бірнеше палубасы мен каютасы бар. Машкевичтің қызметшілері Өтемұратовтан да көп екен, яхтаның экипажы 40 адамнан тұрады. Одан бөлек 18 қонақ күтуге қауқарлы.
2020 жылы Lady Lara яхтасы дауға шатылған. Машкевичтің яхтасымен қашып кетпек болған қаржыгер Джеффри Эпштейнге қатысты қозғалған қылмыстық іс материалына Машкевичтің суперяхтасы бекерден-бекер ілікті дейсіз бе?
Машкевичтің денсаулық жағдайына қатысты күмән көп. Біздің қолда бар деректерге қарағанда, Александр Антоныч Сардинияға шалқадан түсіп демалуға емес, шатқаяқтап бара жатқан денсаулығын қалыпқа келтіру үшін барған сияқты.
Айтпақшы, алтын қазумен айналысқан Асаубаевтардың құны шамамен 15 млн долларлық Lady MM яхтасы дәл осы аралда 2020 жылы өртеніп, артынан суға батып кеткені туралы да кезінде жазғанбыз.
Патох ШОДИЕВ. Шодиевтің 100 млн долларлық Plan B яхтасы француздың «миллиардерлер түбегіндегі» резиденциясының жанынан табылыпты. Шодиев «тұлпарын» вилласының терезесінен көріп отарады екен.
Ұзындығы 73 метрлік яхта БАӘ-де жасалған. 12 ығай мен сығайды қонақ ете алады. Қайықта монша, лифт, би клубы, жаттығу залы және палубада джакузи бар.
Яхтасын Шодиевтің жайдан-жай Plan B деп атамағаны, Шодиевтің өзінің де пландары аз емес екені бесенеден белгілі ғой.
Алиджан ИБРАГИМОВТЫҢ мұрагерлері. Төрттіктің ішіндегі ең үлкен яхта Ибрагимовтерде екен. 2014 жылы Алиджан Ибрагимов I Dynasty деп аталатын яхтаны 200 млн долларға сатып алған. Бқл яхта дәл қазір түріктің Бодрумының маңындағы жағалауда тұр.
Ұзындығы 100 метрден асатын яхтада экипаждық 30 мүшесінен бөлек 22 адамды көтеріп жүзе алады. Яхтада төрт палуба, жабық бассейн, қысқасы қу жаныңа керектің бәрі бар көрінеді.
2021 жылы А.Ибрагимов өліп қалған соң I Dynasty оның мұрагерлерінің қолына өтті.
Өкінішке қарай, NEGE-нің тағы бір «сүйікті» кейіпкері Алдияр ҚАЗТАЕВТЫҢ «қайығы» қайда тұрғанын із кесушілер анықтай алмапты. Біз Қазтаев туралы бірнеше мәрте зерттеу материал жариялап, оның «еуразиялық үштікпен» және К.Мәсімовпен қандай байланысы болғанын әшкерелегенбіз.
Машкевичтің «асабалығы» арқасында Мәсімовпен «құйрық-бауыр жесіп», құда болуға сөз байласқан Қазтаев құдалық процесінің аяғына жетпей қалғанына қайта-қайта тәуба айтып жүр деседі.
Қазтаевтың қай теңіздің жағасында демалып жатқанын анықтау әзірге мүмкін болмай тұр. Өйткені ол 4 млн теңгелік қайығының ақпарат тарататын құрылғыларын өшіріп тастаған көрінеді...
Қысқасы, «Өтемұратов пен Машкевич – Сардинияда, Шодиев – Францияда, Ибрагимовтер – Түркияда «қайықтарын» қайырып қойып, жағалауда шалқасынан түсіп жатыр...».