АҚШ Президенті Дональд Трамп Иран тарапымен арадағы атысты тоқтату келісімінің заңды күші жойылғанын және Тегеранмен бұдан былай ешқандай келіссөз жүргізуге ниетті емес екенін кесіп айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
АҚШ басшысы бұл мәлімдемесін Анкара қаласында өтетін НАТО саммитінің алдында альянстың Бас хатшысы Марк Рюттемен бірге ұйымдастырылған басқосуда жасаған. Көпшілік алдында Иран билігін адал әрекет етпеді деп қатаң сынға алған Дональд Трамп олардың уағдаластықтарды орындамайтынын алға тартты. Сондай-ақ, ол келіссөздер үдерісіндегі келеңсіздіктерге байланысты өз ұстанымын былай деп жеткізді:
«Мен енді Иранмен байланыс орнатқым келмейді. Олар өтірік айтады. Біз келісім жасаймыз. Барлығы келіседі. Ядролық қару болмайды деп уағдаласамыз. Келісімге келеміз. Бірақ кейін олар баспасөзге шығып, біз бұл туралы мүлде сөйлеспегендей мәлімдеме жасайды. Оларда бір мәселе бар».
Айта кетейік, бұған дейін 7 шілде күні Ормуз бұғазында коммерциялық жүк кемелеріне жасалған шабуылдарға байланысты АҚШ әскері Иран аумағындағы бірқатар стратегиялық нысандарға қарымта соққы берген болатын. АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) таратқан ресми есепке сәйкес, америкалық әскери күштер Иран жеріндегі 80-нен астам әскери нысанның көзін жойған.