Танымал кино жұлдызы Әбунасыр Серіковтің ұлы Әбілмансұрдың бұрынғы әйелі Фариза Ещанова ел алдына шығып, жеке өмірі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Сұхбатында актриса отбасын ажырасуға әкеп соққан үшінші адамның болғанын жасырмады. Ол өзінің бұрынғы жолдасын басқа әйелге таңдау жасағаны үшін кінәламайтынын атап өтті.
“Қазір ажырасқанымызға 7 жыл болды. Біздің ажырасуымызға себеп – ол басқа әйелді таңдады. Мен оны кінәламаймын. Әркімнің өз таңдауы бар. Ол кісі сол таңдауды жасады, мен оны өз еркіне жібердім. Барлығы ақыл айтты, сол жерде таңдау болды – мені немесе оны. Ол кісі оны таңдады. Мен тек өзімді ұстап, сол шешімге риза болдым. Кейде тұрмысқа шықпасам ба деп өкінген кездер болды, бірақ жалпы өкініш болмады”, – деді Фариза.
Сонымен қатар, ол бұрынғы жолдасына ренжімейтінін атап өтті.
“Ажырасқаннан кейін анамның ақылымен өміріме қайта түстім. ‘Өз таңдауы, сөз етпе’ дейді. Енеммен де жақсы қарым-қатынастамын, әлі күнге дейін сырласамыз. Кейде анамнан гөрі енеммен көбірек хабарласамын. Психологпен жұмыс істедім, қазір барлық тақырыпта ашық сөйлесе аламын. Өмірімдегі ең ауыр сынақ – ажырасу еді, кейін балам ерекше болып туылды. Бірақ қазір жұмыс істегеннің арқасында бәрін жеңдім деп ойлаймын”, – деді актриса.
Фариза Ещанованың айтуынша, ажырасу мен ана болу – оның өміріндегі ең қиын екі сынақ болды, бірақ ол осы сынақтардан шығудың жолын тауып, қазіргі өмірін қайта құрған.