Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Нұртай Әбіқаев соттатқан дінтанушы-журналист ақталғысы келеді

13:43, 10 тамыз 2022 299
Меніңше, ақиқатты айтатын уақыт келді деп ойлаймын. 2013 жылдың ортасына таман ұлтшыл-патриоттардан кетіп, құқық қорғау қызметімен шұғылдануды жоспарлап қойғанмын. Сол үшін «Қайнар» университеті заң факультетінің сырттай оқу бөліміне түстім.

Атырауда тіркелген «Демос» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тоғжан Қизатова да менің шешімімді қолдап, бірге жұмыс жасауға шақырған.
Күздің соңына қарай Еуропада өтетін азаматтық қоғам және адам құқықтары мәселесін талқылайтын бірнеше конференцияға қатысуымыз керек еді. Осы кезде интернет желісіне қазақ қоғамын дүр сілкіндірген хат шықты. Қазақстанның батыс облыстарындағы зиялы қауым атынан жазылған ашық хатта мұнай-газ өндіретін өңірдегі халық тұрмысының нашарлығы, әлеуметтік мәселелер мен экологиялық проблеманың әбден ушыққаны, бұған орталық биліктің көз жұма қарап отырғаны айтыла келе, батыстың тумасы Иманғали Тасмағамбетовты президент сайлап алып, төрт облыстың өз алдына отау тігіп, Қазақстаннан бөлінетіні сөз болған. Сепаратизмге үндейтін, рушылдық пен жүзшілдікке тұнып тұрған хатты мен интернет арқылы одан әрі бірнеше адреске тараттым. Мұны не үшін жасағанымды өзім де нақты түсінбеймін.

Экологиясы әбден нашарлаған аймақта тұрып жатқан халықтың әлеуметтік жағдайына саяси шантажға ұқсайтын осындай әдіспен биліктің назарын аударту жөн болып көрінді ме, өзімнің туып-өскен жеріме деген ықыласымды сол хатты таратып білдіргім келді ме, анығын білмеймін, әйтеуір өзімді кешіре алмайтын қате қадам жасадым.

ҰҚК қызметкерлері мені қыркүйек айының басында Астана қаласында қамауға алды. Олар бір-екі күн бұрын хатты жазған адамды Ақтөбеден ұстап әкеліпті. Сепаратистік сипаттағы хатты интернет желісі арқылы таратқанымды мен бірден мойындадым. Тергеу алты айға созылды. Тергеушілердің ойы бойынша, бұл хатты жазу және тарату – билікке таласқан әлдебір топтардың әрекеті көрінеді.

Содан ҚР қылмыстық кодексінің 164, 170 бабы бойынша 4 (төрт) жылға сотталдым.
Анығында сепаратистік мәтіндегі хаттың авторы Адильбек Бахытов деген адам еді.
Оның кім екенін 👇түрмеде менімен бірге отырған саяси қайраткер Владимир Козлов тәпіштеп жазған-ды.

Меніңше, кіші жүздің тумасы болып саналатын Иманғали Тасмағамбетов пен Аслан Мусинның арасына жік салу операциясы ҰҚК тарапынан өте сәтті Һәм нәтижелі болды.
Атап айтқанда, аталмыш "қылмыстық іс" диктатор Н.Назарбаевтың жеке қадағалауында болды, оны маған мені тергеген ҰҚК генералы Н.Мажилов айтқан-ды.

ҰҚК-де саяси оппозиция мен идеологияға жауапты 10-ші департаменттің сол кездегі басшысы генерал Н.Мажилов Атырауға Адильбек Бахытовты ұстау үшін ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаевтың жеке ұшағымен ұшып келгені мені қатты таңғалдырды.
Ең қызығы, Есіл аудандық соты әлі күнге дейін соттың үкімін маған берген жоқ, себебі іс материалдары аса құпияланған (засекречено), адвокатым Жанара Балгабаева және белгілі құқыққорғаушы Евгений Жовтис басқаратын адам құқығын қорғау бюросы да қаншама рет өтініш (запрос) жасаса да, қазірге дейін соттың үкімін ала алған жоқ.

Бұдан шығатын қорытынды не?

Мен Тұрарбек Құсайынов диктатор Н.Назарбаев пен оның жан досы Н.Әбіқаевтың кіші жүз өкілдері И.Тасмағамбетов пен А.Мусинді саяси биліктен аластату Һәм халыққа сепаратист ретінде көрсету операциясының құрбаны болғанымды мәлімдеймін және Қазақстан билігі әкелі-балалы Матаевтар секілді мені де толықтай ақтауын (реабилитация) талап етемін!

Нұртай Әбіқаев өмірімді былғады, үш жыл уақытым темір торда өтті. Есіл кеткен уақытымды қайтара алмасам да, ақиқаттың орнауын, әділдіктің салтанат құрып, Жаңа Қазақстан билігі Мені де ақтауын талап етемін!

Тұрарбек Құсайынов

ФБ парақшасынан



 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар