Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Ниетім болған жоқ” - 4 баланың өмірін қиған жантүршігерлік оқиға туралы ел естімеген ақпарат шықты

09:10, 20 желтоқсан 2025

Бестерек ауылында төрт баланың өліміне әкелген жол апаты бойынша сотта жүргізушінің эпилепсия дертіне қарамастан көлік басқарғаны анықталып жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.

Іс Абай облысында қаралып жатыр. Қайғылы оқиға 2025 жылдың 19 тамызында болған. 55 жастағы ер адам көлік жүргізу кезінде өзін жайсыз сезініп, басқаруды жоғалтқан. Нәтижесінде автокөлік тұрғын үйдің қоршауын бұзып өтіп, аулада ойнап жүрген балаларды қағып кеткен. Жол апаты салдарынан алты бала зардап шегіп, жасы 2 мен 7 аралығындағы төрт бала қаза тапқан.

Күдіктіге абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы қағидаларын бұзу дерегі бойынша айып тағылған. Сотта бұл іс бойынша медициналық бақылауға қатысты жайттар егжей-тегжейлі қаралуда.

19 желтоқсанда өткен сот отырысында диспансерлік есепте тұрған науқастарды бақылайтын аудандық аурухананың дәрігерінен жауап алынды. Куәгердің айтуынша, сотталушы “эпилепсия және эпилептикалық синдром” диагнозымен 2013 жылдан бері есепте тұрғанымен, кейінгі жылдары дәрігерлік бақылауға жүйелі түрде келмеген. Сонымен қатар дәрігер бұл диагнозды өзі қоймағанын, тек 2023 жылдан бері аталған қызметте жұмыс істейтінін мәлімдеді.

“2024 жылы біз оны жоспарлы тексеруге шақырдық, алайда ол келмеді. Мен оны көрген жоқпын. Одан кейін де ешқандай жүгіну болған жоқ, қабылдау бөліміне де келмеді, дәрі-дәрмек алу үшін де жүгінген жоқ”, – деді дәрігер сотта.

Адвокаттың күдіктімен жеке байланысқа шыққаны жөніндегі сұрағына дәрігер өзінің міндеті қабылдауға келген науқастарды тексерумен шектелетінін түсіндірді. Оның айтуынша, диспансерлік есептегі адамдарды шақырып, қосымша тексерулерге жолдау учаскелік дәрігердің құзыретіне жатады.

Сот отырысы кезінде судья айыпталушының жазбаша өтінішін жария етті. Онда ер адам болған оқиғаның күтпеген жағдай екенін, ешқандай қасақана әрекетке бармағанын жеткізген.

“Мен ешқашан ешкімге қиянат жасаған емеспін. Бүкіл еңбек жолымда адал жұмыс істеуге, жолаушылардың алғысы мен батасын алуға тырыстым. Өзім қарапайым көпбалалы отбасыда өстім, біз он бала едік. Қазір жұбайыммен бірге төрт баланы тәрбиелеп отырмыз. Денсаулығыма байланысты осындай жағдайға тап боламын деп ешқашан ойлаған емеспін. Кенеттен ұстама болып қалуы мүмкін екенін білмедім”, – делінген күдіктінің хатында.

Сотталушы қаза тапқан балалардың ата-аналарынан кешірім сұрап, зардап шеккен отбасыларға көмектесуге дайын екенін мәлімдеген.

“Менің балаларды отбасыларынан айыру ниетім болған жоқ. Қаза тапқан балалардың отбасыларынан кешірім сұраймын. Жұбайым екеуміз болған жағдайға қатты өкінеміз және мүмкіндігінше бұл отбасыларға көмек көрсетуге дайынбыз. Сондай-ақ денсаулығыма байланысты мәселелер бар екенін, балаларым мен немерелерім барын ескеріп, азаматтық талап-арыз бойынша өтемақы мөлшерін соттың қарауына қалдыруыңызды сұраймын”, – делінген хатта.

Сот отырысының соңында прокурор Әділжан Шарапиев айыптау актісінің жаңартылған нұсқасын ұсынды. Онда сотталушының кінәсін толық мойындауы жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде көрсетілсе, қылмыстың кәмелетке толмағандарға қатысты жасалуы ауырлататын мән-жай ретінде тану сұралды.

Сондай-ақ прокурор жәбірленушілер тізімін кеңейтуді ұсынып, жол апаты салдарынан үш бірдей қызынан айырылған Таншолпан Каримованың жұбайын да жәбірленуші ретінде тануды өтінді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар