Қазақстандық шабуылшы, ел мақтанышы Дастан Сәтпаев «Бернли» сапында алғаш рет негізгі құрамда алаңға шықты, деп хабарлайды Alash.kz.
Ағылшын Лига кубогының 1/32 финалында «Брэдфорд Ситиге» қарсы өткен сырт алаңдағы кездесуде 18 жастағы футболшы бастапқы құрамда өнер көрсетіп, 80 минут бойы белсенді ойын үлгісін танытты. Негізгі уақыты 0:0 есебімен тең аяқталған тартысты өрбіген матчтан кейін, пенальти сериясында алаң иелері 4:2 есебімен басым түсіп, «Бернли» турнирдегі жарыс жолын аяқтады.
Айта кетейік, бұл Сәтпаевтың «Бернлидегі» жалпы алғанда екінші ресми кездесуі. Бұған дейін ол Чемпионшип аясында «Вест Бромвичке» қарсы ойында қосалқы құрамнан екінші таймда алаңға шығып, дебют жасаған болатын.