Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Нақты шешім кейінірек жарияланады”: Елдос Сметов мансабын аяқтай ма?

18:44, 11 мамыр 2026

Париж-2024 Олимпиадасының жеңімпазы Елдос Сметов Олимпиада тұғырының ең биік сатысына қайта көтерілгісі келетінін айтты, деп жазады Alash.kz.

Ұлттық олимпиадалық комитеттің хабарлауынша, тәжірибелі дзюдошы қазіргі таңда бабына келіп, татамиге қайта оралуға дайындалып жатқанын жеткізді.

"Мен мансабымды аяқтаған жоқпын. Париж-2024 Олимпиадасынан кейін біраз уақыт жарақаттармен күресіп, қалыпқа келу кезеңінен өттім. Қазір жағдайым жақсы, біртіндеп бабыма келе жатырмын.

Бүгін Астанада өткен Grand Slam аясында қазақ халқына Олимпиада чемпионына арналған алтын тігілмені көрсетуді жөн көрдік. Бұл - тарихи тігілме. Бұған дейін Қазақстан құрамасында ешкім мұндай белгі таққан емес. Сондықтан оны ең алдымен өз жанкүйерлеріміз көрсін деп шештік. 

Бүгін өзіммен бірге баламды алып шықтым. Әке ретінде оған мақсат қоя білуді, жауапкершілікті сезінуді үйретудегі алғашқы қадамымды жасадым деп ойлаймын. Болашақта үлкен үміт күтемін. Тек өз баламның ғана емес, барша қазақ жастарының мықты болғанын қалаймыз. Өйткені біздің алдымызда Жақсылық Үшкемпіровтей аңыз тұлға өтті. Ол бізден бұрынғы буынға да, бізге де үлгі болды. Өкінішке қарай, бүгінде арамызда жоқ. Сондықтан да біз сол ағамыздың атына кір келтірмеу үшін кейінгі жастарға үлгі болуымыз керек деп ойлаймын.

Қазір алдағы жарыстарға дайындалып жатырмын. Бірақ жақын уақытта нақты қай турнирде күресетінім әзірге белгісіз. Өз деңгейіміздің қаншалықты дайын екенін толық бағамдап алуымыз қажет. Дегенмен Қытайдың Циндао қаласында өтетін Гран-при турнирінде белдесуім мүмкін. Нақты шешім кейінірек жарияланады.

Салмақ дәрежесін ауыстырмаймын. Алдағы уақытта да 60 келіде күресемін. Бірнеше ғана жарысқа қатысуымыз мүмкін, сондықтан рейтингтік ұпай көп берілетін ірі турнирлерде белдесу маңызды. Биыл басты додалар - Азия ойындары мен әлем чемпионаты. Қай жарысқа толық дайын болсам, сол жерде ел намысын қорғап, көк туды биікте желбіретуге бар күшімді саламын. 

Жас деген - жай ғана сан. Әлі де қолымнан келеді деп сенемін. Қазақ спортының тарихында жаңа белеске жеттік. Енді әлем тарихында да өз ізімізді қалдыруға болады деп ойлаймын. Мүмкін емес нәрсе жоқ. Басты мақсатым - екі дүркін Олимпиада чемпионы болу.

Сондай-ақ барлық жанкүйерге қолдауы үшін алғыс айтқым келеді. Әрқайсыңыздың қолдауларыңызды ерекше бағалаймын", - деді Елдос Сметов.

Айта кетейік, Сметов Париж Олимпиадасындағы жеңісінен кейін әлі бірде-бір ресми жарысқа қатысқан жоқ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар