Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Нағыз жеңімпаз ұлт»: Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегерлерін марапаттады

14:12, 11 қыркүйек 2026

Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, сондай-ақ олардың бапкерлерін арнайы қабылдап, марапаттады, деп хабарлайды Alash.kz.

Президент спортшыларды жарқын жеңістерімен құттықтап, олардың ұлттық спорттағы ел абыройын әлемге паш еткенін ерекше атап өтті.

Ел Президенті ұлттық құраманың көрсеткен жоғары нәтижесіне тоқталып, спортшыларға өз ризашылығын білдірді.

«Әлемнің 100-ден астам елінен келген спортшылармен бәсекеге түсіп, көк байрағымызды биікке көтеру – нағыз ұлт перзенттеріне тән асыл қасиет. Ұлттық командамыз ел үмітін толығымен ақтады деп айтсақ, әділеттікке сай сөз болады. Мен Президент ретінде баршаңызға Отанымызға әкелген рухты жеңістеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге тұтас халқымыз жанкүйер, тілекші болды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ұлттық құраманың жалпы командалық есепте бірінші орынға шыққанын ел мерейін өсірген тарихи жетістікке балады. Қазақстан құрамасы дүбірлі доданы 32 алтын, жалпы 74 медальмен аяқтаған болатын.

«Сайыс қорытындысы бойынша спортшыларымыз 74 медаль еншіледі. Оның 32-сі – алтын жүлде. Осы тамаша жеңіс қазақтың рухы биік, жігері мықты, нағыз жеңімпаз ұлт екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Жалпы, спорттың басты миссиясының бірі – өзара құрмет пен сыйластықты дәріптеу, халықтар достығын нығайту. Бұл дүбірлі дода жоғары деңгейде өтті. Сайыс нәтижелері әділ болды. Осыған орай, Қырғыз елінің Президентіне ризашылығымды білдіремін», — деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар