“Мүмкін, біреудің басын жарарсыз” дегісі келді". Белгілі әнші домбыраның "жолын бөгеген" әуекомпаниясына шағымданды
11:41, 19 маусым 2024
1852
сурет: Alash.KZ
Белгілі дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дарын мемлекеттік сыйлығының иегері Сәуле Жанпейісова ұшаққа мінгенде домбыраны қола алуға рұқсат бермеген компанияға шағымданды, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.
Ұлттық өнеріміздің насихатшысы мұндай мәселеге Алматыдан Мәскеуге ұшқанда тап келген:
Ал, Алматыдан Мәскеуге аттандық. Ертең концерт. Өкініштісі, “Скат” әуе компаниясы домбырамды қосымша ақы төлетіп, багажға тапсыртты. “Ұшақ тола, домбырамен сіз не істейтініңізді білмейміз ғой” дейді тіркеуден өткізген жігіт. “Мүмкін, біреудің басын жарарсыз” дегісі келді. Ішкі тіркеуден өткізген жігіт “Бұрын өткізбейтін еді, енді өткізе береді” дейді. Қайсысына сенеміз?
Кейіннен компания өкілдері домбыра сынса, төлеуге дайын екендерін айтқан. Дәстүрлі әнші домбыраға қатысты үлкен мәселенің әлі өз шешімін таппағанына қынжылды.
Ал, домбыра сынса ше, төлеп бересіңдер ме? - десем,
“Ия, компания төлеп береді” дейді. Ертең Мәскеудегі концертімде домбырасыз қалсам ше, беті аулақ! Онда не болмақ? Соңғы уақытта домбыраның айқайы естілмегенге мәселе шешілген шығар десем, сол баяғы қалпы екен. Бұрын неге домбыраны еш қиындықсыз өткізіп келді? Енді не болды? Енді домбырамызға темірден футляр жасатқаннан басқа жол жоқ сияқты. Аман болайық! Көріскенше, қазақ елім! - деп жазды кәсіби халық әншісі.