Олжас Бектенов мұғалімдердің есептілігінің барлық түрлеріне ревизия жүргізуді және ағымдағы жылдың 10 желтоқсанына дейін мұғалімдердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау шараларын күшейту жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды, деп хабарлайды Alash.kz.
Үкіметтің хабарлауынша, Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысы барысында инклюзивті білім беруді дамыту, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауды кеңейту және педагогтерге әкімшілік жүктемені азайту жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Оқу-ағарту, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері, өңір әкімдері Инфрақұрылымдық даму қорының жобалары тізбесіне 20 инклюзивті мектептің ‒ оңалту және сауықтыру кабинеттерімен жарақталған жаңа форматтағы кешендер құрылысын қосуды қамтамасыз ету тапсырылды.
Ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерімен, «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, мамандар тапшылығын азайту және ерекше қажеттіліктері бар балаларды ерте тиімді диагностикалау жөніндегі жүйелі шаралар әзірлеу қажет.
«Балаларды оқыту мен тәрбиелеу тиімділігін арттыру, мұғалімдердің қызметіндегі артық жүктемені азайту және олардың беделін қорғау үшін Оқу-ағарту министрлігіне әкімдермен бірлесіп, есептіліктің барлық түрін қайта қарауды тапсырамын. Олардың әртүрлі платформаларда қайталануын жойып, есептер санын азайту қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сондай-ақ 10 желтоқсанға дейін мұғалімдердің ар-намысы мен абырой-беделін қорғау шараларын күшейту жөнінде ұсыныстар енгізу тапсырылды.