Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Міржақып Дулатұлы: Кейінгі жас буынның көргені не болады? Біздің жұрт осыны ойлау керек

20:10, 13 сәуір 2024 699

Дүние жаратылғалы болмаған оқиғаларды төрт жылдан бері көзіміз көріп отыр. Төрт жылдан бері жердің жүзі қанға боялды. Көздің жасы сел боп ақты. Дүние ойран болды. Даңқы жер жарған зор мемлекеттер жоғалуға айналды. Ат төбеліндей аз елдерге есе тиді. Мұндай зор өзгерістер болған емес. Мұнан соң да бола бермейді. Әркім қалай жұрт боламыз деп жанталасып жатқаны осы.

Алаш, Башқұрт, Түркістан сияқты халықтар Автономия боламын, мемлекет боламын десе, бұрын көзі көрмей ме? Автономияны ауызға алмақ түгіл, стражниктің алдында қалтырап тұратын елдер бүгін ту көтеріп, ұран шақырып, өзін-өзі билеудің қамына кірісіп жатыр.

Патша түсіп, ескі тәртіп жеміріліп, бостандық туғанына жыл жарым болды. Сонан бері дүние жайланып, халық ра­қат ғұмыр сүре алмай, саясат күнде өзгеріп, жұрттың мазасы кетіп тұрғаны рас. Бостандық, теңдік деген сөздің жеңсігі басылғандай. Бүгін бір билеуші шықса, ертең оны жоқ қылып, арғы күні тағы кім шығатынына жұрттың көзі жетпей, дағдарыста тұрғаны рас. Күнде жиылыс, күнде сайлау шығып, жұрттың мезі болғаны рас. Большевик деген бір пәле шығып, Николайды сағындырғаны да рас. Мұнан соң қан­дай жамандық боларына қара ха­лық­тың көзі жетпей, бостандықтан көңілі суынып тұрғаны да рас.

Бірақ халық ойлау керек. Мұншалық дүние өзгергенде, Россия сияқты зор мем­лекет асты-үстіне келіп ойран болғанда, ондағы халықтардың тұрмысы, салты, діні, тілі, шаруасы, тілегі басқа-басқа болғанда, аз уақыттың ішінде тып-тыныш бола қоймады деп асығуға бола ма? Бір кісінің саудасы бұзылса, соны тез түзетіп ала қою оңай ма? Бір ұлыс елге әрекет кірсе, ағайын арасына от түссе, соның өзі оңай тыныштала қоя ма? Ал қазір бүліншілік, күйзеліс бір ауылда, бір ұлыста емес, бүкіл мемлекет, асса жержүзі ойран болып, соны ретке салуға әркім қам қылып жатыр.

Осындай қара құрық заманда біз секілді аз халықтар ұйымдасып, бірлік-береке қылып, жұрт қатарына қосылып қалудың ылажын қарап жа­тыр. Жұрт елдігі бүгінгі күнгі тірі жүрген адам баласына ғана хас емес, кейінгі нәсіл, үрім-бұтақтың қор болмауы үшін керек зат. Біз басымызға түскен таршылықты бұрынғы бабаларымыздан көретін едік. Солар біздің қамымызды жеген болса, біз мұндай қорлықта, тарлықта жүрмес едік деуші едік. Кейінгі буынның ата-бабасы - бүгінгі тірі жүрген біздер. Біз келешекті ойламасақ, кейінгі нәсіліміз бізді қарғамай ма? Алла құзырында, тарих алдында біз жауапкер емеспіз бе? Олай болса, бір-екі жылда рақат ғұмыр бола коймады деп, бостандықтан, теңдіктен күдер үзіп қол сілтесек, өзіміз не күйге ұшыраймыз? Кейінгі жас буынның көргені не болады? Біздің жұрт осыны ойлау керек.

Заман бұл қалыппен тұра бермейді. Әлі-ақ толқын басылады. Су сабасына түседі. Заман бір жайлы болады. Сондықтан осындайда әр ел өз дегеніне жетіп, өз билігін өзі алып қалмаса, ертең әркім буынын бекітіп, күшін жинап алған соң, өзі шыққан тауы биік болғанын артық көреді. Қолдан теңдік бермейді. Жұрттық жолында біз қанша бейнет шектік? Жанымызға батарлық қанша қырғын шығардық? Өзгелерге қарағанда біз еңбек те сіңіргеніміз жоқ, бейнет те тартқанымыз жоқ. Құрбан да шалғанымыз жоқ. «Құдай өзі сақтар» деп құрғақ тілекпен отыра бердік. Құр тілек мұратқа жеткізе ме? Жұрт боламын деген жұрттар не қылып жатыр? Соған ой жіберу керек.

Біз мұсылман екенбіз, Құдайдан тілейді екенбіз, дұрыс-ақ! Бірақ, бізден басқа мұсылмандар құр тілекпен отыра ма? Жержүзінде 300 миллионнан астам мұсылман бар. Солардың ішіндегі зор мемлекет - Түркия. Осы Түркияға аң терісін бөліп алатындай тұс-тұстан анталаған елдер жоқ па еді? Солар түрікті торығанына неше жүз жыл болды. Осы соғыстың тұсында Стамбұлды алмақ болып, ая-Софияның басына кіресін де даярлап қойды. Сонда түрік мұсылманның бір күшті мемлекеті емес пе еді? Мұсылмандығы бізден кем бе еді, «Құдай сақта» деп қарап отырды ма? Жұрттығын сақтау үшін неше ғасырдан бері қан төгіп, арпалысып келе жатыр емес пе? Төрт жылдан бері қызыл қанға белшесінен батып, миллиондаған ер азаматын құрбан қылып, дүниесін ойран қылып отыр емес пе? Жалғыз түрік емес, жержүзіндегі жұрттардың бәрі не үшін қанға боялып жатыр? Соның бәрі жұрттығын сақтау үшін қырғын көріп, бейнет шегіп жатыр. Біз не қылып отырмыз? Біз «жан-жақты Жасағанға күзеттіріп қойып отырмыз».

- Қазір дегеніне жететін кім? Кімнің мерейі үстем болады? Кім біреудің қанжығасында кетпейді?

– Кімнің білегі жуан болса, сол жұрт болады. Кім күшті болса, сол дегеніне жетеді.

– Күш не?

– Күш – әскер.

Бұл заманда әскер жоқ жұрт жұрт емес, құл. Біз қазір екі жолдың тарауында тұрмыз. Қайсысына түсетін болсақ та ерік өзімізде.

Бір жол – құлдық жолы. Әскер деген сөзден бұрынғыдай ат-тонымызды ала қашатын болсақ, осындайда жігімізді ашып, жер-суымызды қорғап, билігімізді өзіміз алып қалмасақ, күні ертең бізді алдына салып айдап жүруге ие табылады. Сонда біреуге әскер бермей көне аламыз ба, шығын төлерден құтыла аламыз ба? Ошақтың үш бұтынан тілеп отырған күніміз де болған. Сонда бізді алдына салып айдап кетпеп пе еді? Құлдық жолы дегеніміз осы.

Екінші жол – жұрттық жолы. Осы бастан автономия алу қамына кі­ріс­сек, милициямызды жасап алып, қарамызды көрсетсек, Алаш һүкі­­метіміз деп тырысып тұрсақ, бізді еш­кім басынбайды. Һүкіметі бар, әскері бар жұрт деп бізбен әркім есептеседі.

Алашқа жаны ашымайтын қара жүректер, жұрт болғанымызды көре алмайтын қаскүнемдер, ертең не болатынына көзі жетпейтін надандар ізгі ниет, ілгері тілегімізге қарсы болып, жұрттың көңіліне қорқыныш салатын да шығар.

Автономия болуымызға, милиция құруымызға, қазына жинауымызға халықты қарсы құтыртушылар да табылатын шығар. Бірақ халық ойлану керек. Бүгінгісін емес, келер күнін ойлау керек.

Біздің арамызда Алаш тілегіне қарсы болатын кімдер екені белгілі. Бұлар екі түрлі. Бірі – қаны қарайған, ұлт намысы дегеннен бейхабар, жамандықты кәсіп қылып алған антұрғандар. Бұлар аузы қисық бо­лғанын айнадан көріп, жамандығымды неге қостамайды, терісті неге дұрыстамайды деп жұрттың бәрімен қас. Бұларға елдің ынтымағынан бүлінгені керек. Жұрт тыныш болса, мұндайларға тыным жоқ. Осыны олар жақсы біледі.

Екінші – ел ішіндегі партияқұмарлар. Бұлар істеп жүрген істері жұртқа зиян екенін ойламай, партия қуғанын, «баққа таласып жүрмін» деп адасып жүрген надандар. Егер жұрт, жұрттықты ойласа, партиясын уақытша қоя тұрып, бірлік, береке қылатын болса, Алаш аты бәйгеден келмей қалмас еді. Жоқ, жұрттық деген құр сөз бо­лып, әркім бетімен жайылып, «баққа таласып», баяғы Иванға шауып баратын болса, Алаш тілегіне қарсы деген, міне осы.

Алаш болып шашау шықпай, Алашордадан бас­қаны білмейтін болса, «жауымды мұқатам» деп біреуге тұра шаппайтын болса, өздігінен келіп бізді билеп кете­тін ешкім жоқ. Әркім өз басымен қайғы болып жүр. Біз біреуге өзіміз шауып барып, өзіміз шақырып әкеліп, төбемізге ойнатып жүрміз. Бұл мінезіміз бұрын да белгілі еді. Әсіресе, кешегі большевик заманында да көрінді. Енді мұнан былай жұрттықты ойлап, бірлік қылатын болсақ, Алаш тілегінен басқаға алаң болмай, жұртқа ең пайдалы нәрсе милицияның керектігіне көзін жеткізсек, жолымыз болғаны.

Милиция неге керек?

Атасы басқа елдермен көрші болып отырмыз. Солардың бұзақылары бізге тимеу үшін керек.Ел ішінде жүгенсіздік шыға қалса, солардан елді қорғау үшін керек.

Ішкі губерниялардан күні ертең аш-жалаңаш босқындар келеді, солардың аяғының астында қалмау үшін керек.

Ана жылғыдай оп-оңай алдына салып айдап кетушілер болмау үшін керек.

Қазақ-қырғыз жерін оңай олжа қылғысы келгендерге шаңыраққа қара деу үшін керек.

Автономиялы жұрт екенімізді жат елдерге көрсету үшін керек.

Бізбен туысқан мынау башқұрт халқы біздің үш бөлігіміздің біріндей-ақ. Осы күні осылардың әскері бар. Сондықтан, басқалар башқұртты елеулі ел көріп отыр. Әйтпесе әскер жинап башқұрт еш­кім­мен соғысып отырған жоқ. Біз де соғыспаймыз.

Сөз байлауы сол, әскеріміз болмаса, қазынамыз болмаса, біз автономия ала алмаймыз. Автономия ала алмасақ, жұрт болмаймыз. Қайтсек жұрт боламыз дегенді ойласақ, жауап біреу-ақ:

- Әскеріміз болса ғана жұрт боламыз.

Міржақып ДУЛАТҰЛЫ

«Қайтсек жұрт боламыз» мақаласынан

«Қазақ» газеті, 1918 жыл, №264

Дереккөз: Дулатұлы М., Алты томдық шығармалар жинағы.2-том. - Алматы, 2013 ж.

Alash.kz ұлттық порталы

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар