Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Міржақып Дулатұлы: Бұл заманның өнер-білім заманы екені ойында да жоқ!

20:19, 30 наурыз 2024 450

Юлий Цезарьдың «Ай астында еш нәрсе жаңа емес» деген бір сөзі бар. Біз бұл сөзді теріс, ай астындағы істеліп жатқан нәрсенің бәрі жаңа, оның астында еш нәрсе басқарылмай тұрмақ емес дейміз. Біздің сөздің дұрыс екендігін әлдеқайдан іздемей-ақ,өнерлі Еуропа жұрттарына бір көз жүгірту жетеді. Осы күні білім-өнер арқаасында адам нанбас істер істеп тұрған солар. Бұдан бұрын, күні кеше, олар да надан, жазу-сызу жоқ болған кезде де, теріге, жапыраққа жазып жүрген сөздерінен де тілдері онша толық емес адамдар еді. Заман өтті, ақылдары асты, түрлі нәрселер ойлап шығара бастады. Жиылып патшалық құрып, елсіз жұртпенен соғысып, қолдарына алды.

Бірлікте тірлік бар деп бірігіп, зор-зор қалалар болып, өнерге жармасты. Сөйтіп жүргенде тасқа басушылық шықты. Оқу, оқыту ісі жеңілдеді. Білімділер неше түрлі кітаптар жазып, жұртты өнерге оңдады. Түрлі ғылымдар ойлап тапты. Сол өнер-білімдерінің арқасында жерді ақтарып, отты-суды қол қыла бастады. Бу күшімен қурайдан шойын жолдар, судан зор-зор кемелер жүре бастады, XIX ғасырда электрик (электричество - ред.) деген жат бір нәрсе білінді. Бұл электрик күшімен қандай алыс жерден сөйлесуге болады. Сағатына 70-80 шақырым жер жүретін отарбалар шықты. Еуропаның зор қалаларының көшелерінде осы электрик арбалар адамдарды алып жүреді. Мұны трамвай деп атайды. Қысқасы, Еуропа жұрттарының мұндай жат істері санап бітіргісіз, осылар осы жат, жаңа істерді қалай істеген? Сөз жоқ, жалқауланбай, күн-түн өнер-білім артынан жүрумен.

Ал енді біздің қазақ жайына келсек, әуелі, бұл заманның өнер-білім заманы екені ойында да жоқ! Құрығын таянып, қалғып, әлі малының артында. Салған егін жоқ, қылған кәсіп жоқ, жиылып салған тұрақ жоқ, құр мал айдағанына мәз болып жүр. Бұл қалпымен барса, жердің бәрі кеткен соң, мал салуға жер таба алмай, жұт жылы қазақ малынан айырылып, қарақасқа кедей болып қалуы анық. Басқа кедейлік түссе, көрші шет жұртқа жұмыскер болып, құрып кету - о да белгілі. Осы биыл өткен қыс-ақ Ақмола, Семей облыстарында жаңбыр жауып, мұз болған қатты борандарда әр үйезде талай байларымыз малынан айырылып, жүген ұстап қалған жоқ па?! Жанындай көріп, сатуға қимай жүрген жылқыларын бір қыста өлтіріп алған жоқ па?!

Енді біздің адам санына қосыла алуымыз үшін не керек?

Біздің ойымызша, бізге де осы өнерлі жұрт жүрген жолменен жүрмей болмас. Олар құрық таянып, мал артынан жүрмеген, аз ұйықтаған, аз күлген, мектеп-медресе салған, күні-түні оқыған. Жарық көрейік десек, біз де солай етелік.

Түрлі жұрттан қосылған бір патшалық адамның мүшесі сықылды. Мүшенің бәрі сау болса, адам да сау, арадан бірдеңе болса да, ауру болса, адамның саулығы түгел болмайды.

Біз, қазақ жұрты да - Россия патшалығының бір мүшесіміз. Бірақ біз надан, аурумыз. Қадірлі патшалық өз мүшесінің бұлай ауру болуын жаратпас. Біздің адам болып ілгері басуымыз үшін жәрдем қылар.

Қысқасы, менің айтатыным, кешеуілдемей, оқу-өнер артынан түсуден басқа шара жоқ. Қорқақтықты тастап, бел байлап қала болып отырсақ, мектеп-медреселер салып, өнер-білімге жабыссақ, біздің көш те жүре-бара түзелер. Ай астында еш нәрсе басқарылмай тұрмақ емес.

Міржақып Дулатұлы, «Ай астында еш нәрсе басқарылмай тұрмақ емес» мақаласынан

Дереккөз: Дулатұлы М., Алты томдық шығармалар жинағы.2-том. - Алматы,2013 ж.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар