Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Миллиондар қайда кетті?»: Еділ Жаңбыршин бюджет қаражатына қатысты өткір мәлімдеме жасады

15:03, 16 сәуір 2026

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин қаңғыбас жануарларды аулау және уақытша ұстау бағдарламаларына бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуына күмән келтірді, деп хабарлайды Alash.kz. 

Халық қалаулысы Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және Қаржылық мониторинг агенттігіне ресми сауал жолдап, панажайлардың қаржылық қызметін жіті тексеруді сұрады. Оның пайымдауы бойынша, мемлекеттен орасан зор қаражат бөлінгенімен, көшедегі қаңғыбас иттердің саны азаймай отыр.

Депутаттың келтірген деректеріне сүйенсек, 2022-2026 жылдар аралығында жануарларды аулау, вакцинациялау және зарарсыздандыру (АВАҚ) шараларына қазынадан 14,9 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бұл жұмыстармен еліміздегі жүзден астам уақытша ұстау пункті мен жетпіске жуық панажай айналысады. Олар бюджеттік қаржыдан бөлек, шетелдік гранттар мен азаматтардың қайырымдылық көмектерін де қабылдауға құқылы. Алайда бөлінген қаржының тиімділігі іс жүзінде байқалмай отырған көрінеді.

Мәжілісмен әлеуметтік желіде жариялаған сауалында нақты мысалдар келтіре отырып, мәселенің мәнін былай деп түсіндірді:

«Сенімді деректерге сәйкес, бір ғана панажайға төрт жыл ішінде бағдарламаны іске асыруға 400 млн теңге бөлінген. Бүгінгі таңда қаңғыбас иттер санының артуынан АВАҚ бағдарламасының орындалмай жатқаны көрініп тұр. Осыған байланысты бюджет қаражатының, сондай-ақ жеке панажайлар мен жануарларды уақытша ұстау пункттерінің басқа көздерден алған қаражатының мақсатты пайдаланылуына тексеру жүргізуді сұраймыз».

Қазіргі уақытта депутаттық сауал тиісті мемлекеттік органдардың қарауына жолданды. Еділ Жаңбыршин қаржының игерілуі қағаз жүзінде ғана емес, нақты нәтижемен расталуы тиіс деп есептейді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар