Мемлекеттік аппараттағы артық адамдарды цифрландыру арқылы қысқарту керек. Премьер-министр Олжас Бектенов осылай дейді. Мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырып, артық шығындардан құтылу керек. Бұл барша мемлекеттік органдарға қатысты екенін айтты. Бұдан бөлек, енді тұрғындар үйден шықпай-ақ заң кеңесін алуға мүмкіндік алады. Министрлік арнайы чат-бот дайындап жатыр, деп хабарлайды Alash.KZ.
Бұл жайлы Astanatv ақпарат таратты:
ЕРЛАН СӘРСЕМБАЕВ, ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРІ:
Азаматтардың өтеусіз негізде құқықтық кеңес алу тетігі пысықталуда. Қазір мемлекет кепілдік берген заң көмегі аясында кеңес алу үшін азаматтар адвокаттарға немесе заң кеңесшілеріне жүгінеді. Бұл рәсімді оңтайландыру үшін азаматтарға «үйден шықпай» кеңес беруге арналған чат-ботты енгізу ұсынылады.
Сонымен қатар, атқарушылық жазба жасау механизмі де автоматтандырылады. Себебі атқарушылық жазбалар борышкердің жазбаша мойындауы болмаса да жасалған. Оны нотариустар микроқаржы ұйымдарымен, коллекторлық компаниялармен және жеке сот орындаушымен алдын ала келісім бойынша жасап отырған.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Құқық қолдану мәселесі және өтініштер мен шағымдардың өсуі бұл салада жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін көрсетеді. Бұл «Е-нотариат» жүйесінде жеке кабинет ашуға, атқарушылық жазбаларды борышкердің тіркелген жері бойынша ғана жасауға, оларды нотариустар арасында автоматты түрде бөлуге қатысты болып отыр.