Президент Токио губернаторының сапары Қазақстан мен Жапония арасында орнаған кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің 10 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанын, мұның символдық мәні бар екенін атап өтті, деп хабарлайды Alash.kz Ақорданың ресми баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Юрико Коикэнің жетекшілігімен Токио әлемдегі ең қауіпсіз, таза әрі тиімді басқарылатын мегаполистердің біріне айналғанын айтты.
– Сізді жаһандық деңгейдегі көрнекті саясаткер ретінде танимыз. Көреген басшылығыңыз бен еліңіз үшін ұзақ жылдар бойы атқарған қызметіңіз құрметке лайық. Қазақстан жұртшылығы Сізді мемлекет қайраткері және еліміздің досы, серіктесі деп біледі. Қазақстанның тарихы мен мәдениетін дәріптеуге бағытталған еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Бұл қос халықтың ынтымағын арттыра түседі, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Жапонияға былтыр жасаған ресми сапарын ықыласпен еске алып, соның нәтижесінде екіжақты қарым-қатынас жаңа әрі сапалы деңгейге көтерілгеніне назар аударды.
– Мен Токионың «Ақылды қала» бағдарламасымен таныстым. Бұл біздің қызығушылығымызды тудырды. Себебі елімізде де Smart City тұжырымдамасын ілгерілетіп отырмыз. Сіздің Астанаға келген сапарыңыз пайдалы боларына сенімдімін. Өйткені біз ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және мегаполисті басқару тәжірибесін зерделеуге ынталымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.