Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Мемлекет басшысы халықты Жаңа-2025 жылмен ҚҰТТЫҚТАДЫ

00:01, 01 қаңтар 2025 462

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді жаңа жылдық мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Alash.kz.

“Бұл нағыз отбасылық мереке. Баршаңызға еліміз аман, жұртымыз тыныш, деніміз сау болсын. Ұлу жылы жақсы жаңалығымен толы болды.

Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройы арта түсті. Астанада беделді халықаралық ұйымдардың маңызды саммиттері өтті.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына мыңдаған спортшылар мен меймандар келді. Байрақты бәсекені табысты ұйымдастырып, төл өркениетімізді жер жүзіне таныттық. Спортшыларымыз Олимпиада және Паралимпиада ойындарында көк туымызды биікте желбіретті. Оқушыларымыз түрлі білім сайыстарынан жүлделі оралды. Басқа да көптеген табыс бар.

 

Биыл көктемде бірқатар аймақта алапат тасқын болғанын білесіздер. Табиғаттың тосын сынағы бәрімізге ауыр тигені сөзсіз. Соған қарамастан, қиын күндерде халқымыз бір-біріне жанашыр болып, мызғымас бірлігін көрсетті. Зардап шеккен барша азаматқа жан-жақты көмек берілді. Мемлекет ешкімді назардан тыс қалдырған жоқ. Барлық міндеттемесін толық орындады. Жүздеген отбасы Жаңа жылды жаңа шаңырақта қарсы алып жатыр. Біз осылайша ырысты ынтымағымыздың арқасында барлық қиындықты еңсереміз. Алға сеніммен қадам басамыз. Жүйелі реформалар одан әрі жалғасады. Жоспарымыздың бәрі ойдағыдай орындалады. Алдағы жыл бұдан да табысты болады. Мен Президент ретінде бұған бар күш-жігерімді саламын.

Үкімет тиімді жұмыс атқарып, экономиканың қарқынды өсімін қамтамасыз етуге тиіс.  Жаңа өндіріс орындарын ашып, бизнеске қолайлы жағдай жасау қажет. Жол салуды жалғастырып, коммуналдық саладағы түйткілді мәселелерді шешу керек. Цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейткен жөн. Ауыл еңбеккерлерін барынша қолдау маңызды. Басты мақсатымыз – азаматтардың әл-ауқатын арттыру.

 

 

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар