Қазақстанда бастауыш сыныптарда бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалауды (ТЖБ) алып тастау мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп жазады Alash.kz.
«Бұл мәселені ең алдымен ата-аналар көтерді. Қазір бала БЖБ немесе ТЖБ тапсырғанда, әрбір ата-ана осы процеске араласады. Негізінде бұл – балалардың білім сапасын бағалау құралы. Сонымен қатар бүгінде БЖБ мен ТЖБ тапсырмаларының сатылып жатқаны анықталуда. Меніңше, мұндай фактілерге құқықтық баға берілуі керек. Критериалды бағалау жүйесі енгізілген көптеген дамыған елдерде бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ мүлде қолданылмайды. Сондықтан қазіргі кезеңде Оқу-ағарту министрлігі бастауыш сыныптарда оларды алып тастау мәселесін талқылап жатыр», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министр өз сөзінде бұл мәселеге қатысты министрліктің түпкілікті шешімі дәстүрлі тамыз конференциясында жарияланатынын айтты.