Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында үш жасөспірім суға батып кетті, деп жазады Alash.kz.
БҚО ТЖ департаментінің хабарлауынша, қайғылы оқиға 9 маусым күні кешкі сағат 18.25-те Жаңақазан ауылы маңындағы Сарыөзенде болған.
Аудандық полиция бөлімінен түскен хабарламаға сәйкес, 2009 жылы туған екі жасөспірім мен 2008 жылы туған бір жас азамат арнайы жабдықталмаған әрі шомылуға арналмаған жерде суға түсу кезінде батып кеткен.
Аталған аумақта суға түсуге тыйым салынғаны туралы ескерту белгісі орнатылған.
Оқиға орнына Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің күш-құралдары жедел түрде жіберілді. Алайда ТЖМ бөлімшелері жеткенге дейін қаза болғандардың денелері жергілікті тұрғындардың күшімен судан шығарылды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталу үстінде. ТЖМ арнайы жабдықталмаған және шомылуға арналмаған жерлерде суға түсу адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін еске салады. Су айдындарында тек ресми түрде рұқсат етілген орындарды таңдау қажет. Қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, балаларды қараусыз қалдырмау маңызды, - делінген ресми хабарламада.
Қайтыс болған жасөспірімнің үшеуі де – биылғы мектеп түлектері. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.