Жамбыл облысында мектеп оқушысын ұрып өлтірген екі жасөспірімге қатысты сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Облыстық сот мәлімет беріп, азапты өлім жайлы баяндады.
2024 жылдың мамыр айында кәмелетке толмаған сотталушылар мен жәбірленушінің арасында дау-жанжал болған. Қылмыстық ниетін жүзеге асыру мақсатында олар темір металды кастетпен қаруланып, жәбірленушінің басының желке тұсынан ұрып, оқиға орнынан бой тасалаған.
Соққының салдарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды.
Прокурор олардың әрқайсысын 9 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Кәмелетке толмаған сотталушының бірі бастамашы рөлін ескере отырып, қылмыстардың жиынтығы бойынша 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал екіншісі 9 жылға сотталды.
Сонымен қатар олардың әрқайсысының заңды өкілдерінен моральдық шығынды өтеу үшін 10 млн теңге өндірілді.