Әділет Зейнелдің қайта отбасын құруынан кейін желі қолданушылары марқұм Ұлдана Мырзуанның мүлкі мен автокөлігінің кімде қалатынын қызу талқыға салды, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқырмандар автокөліктің Ұлдананың өз қаражатына алынғанын алға тартып, ол қайтыс болған соң неліктен көлікті жұбайының пайдаланып жүргенін сұраған болатын. Қазақстан Халық партиясының YouTube-жобасына берген сұхбатында Әділет бұл мәселеге қатысты өз нұсқасын айтып берді. Оның сөзінше, дүниеден өткеннен кейін Ұлдананың анасы көлікті сатып алуға Әділеттің де атсалысқанын ескеріп, темір тұлпардың оның өзінде қала беретінін жеткізген.
«Сәуір айының соңына дейін анасы Ұлдананың үнемі «көлікті бірге алғанымызды, менің оған көмектескенімді» айтатынын жеткізіп, «сенен басқа ешкім бұл көлікті дәл сен сияқты жүргізіп, бағалай алмайтынына сенімдімін. Сондықтан оны саған қалдырамын» деген болатын. Алғашында әңгіме осылай болды», – деді.
Алайда кейінірек, марқұмның әкесі автокөлікті кері қайтаруды талап ете бастаған. Ал ағасы алғашында көлік Әділетте қалуы керек деп жазғанымен, уақыт өте келе марқұмның туыстары ұстанымын өзгерткен. Олар Әділеттен Ұлданаға қатысты бүкіл дүниеден, соның ішінде тіпті жәбірленуші мәртебесінен де бас тартуды сұрап отыр.
Бұл жағдайға қатысты Әділеттің анасы Эльза Ерманова да пікір білдіріп, олардың марқұмның отбасымен ешқандай дауласпағанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда автокөлік Ұлдананың отбасының иелігінде.