Көкшетауда өткен “Огни Кокшетау” жартылай марафоны қайғылы жағдаймен аяқталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Жарысқа қатысқан 35 жастағы әйел қашықтықтың басында өзін жайсыз сезініп, кейіннен көз жұмды.
Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, оқиға жарыстың 4-шақырымында болған. Әйелдің жағдайы күрт нашарлап, ол жарысты тоқтатуға мәжбүр болған. Дәл сол сәтте жанында кәсіби медицина қызметкері болып, алғашқы көмек көрсеткен.
Реанимобиль бригадасы бір минуттың ішінде жетіп үлгергенімен, әйелдің жағдайы күрделене түсті. Оның талмасы ұстап, жүрек соғысы тоқтаған. Дәрігерлер дереу реанимациялық шараларды бастап, науқасты көпсалалы облыстық ауруханаға жеткізді. Ол жансақтау бөліміне жатқызылғанымен, дәрігерлердің бар күш-жігеріне қарамастан, 24 тамыз күні таңертең әйел қайтыс болды.
Қазіргі таңда өлімнің нақты себебі сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша анықталмақ.
Басқарма өкілдері әрбір қатысушы жарысқа тіркелу кезінде өз денсаулығына жеке жауапкершілік алатынын және арнайы келісімге қол қоятынын атап өтті. Марафон кезінде медициналық бригадалар кезекшілік атқарып, іс-шараның өткізу тәртібі жедел жәрдем мен полиция қызметтерімен алдын ала келісілген.
Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын және тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Бұл жағдай спорттық жарыстарға қатысу кезінде қатысушылардың денсаулығы мен дайындығының қаншалықты маңызды екенін тағы да көрсетіп отыр.