Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қажетсіз, келіссіз тақырып!» - Депутат Саиров рушылдықты дәріптейтін фильмдерді ауыр сынап тастады (ВИДЕО)

15:36, 17 желтоқсан 2025

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров қоғамда рушылдықты қайта тірілтіп, оны табыс көзіне айналдыруға бағытталған контенттің көбейгеніне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Alash.kz. 

Оның айтуынша, соңғы уақытта кейбір контент жасаушылар мен кәсіпкерлер ру атауларын «бренд» ретінде ұсынып, киім-кешек пен түрлі өнімдерге жазып сатуды әдетке айналдырған.

Депутат әсіресе әлеуметтік желілерде жастардың санасына рушылдықты сіңіретін материалдардың шектен шығып бара жатқанын сынға алды. Бұл үрдіс тек тұрмыстық деңгейде ғана емес, енді кино саласына да еніп отырғанын атап өтті.

- Осындай келіссіз, қажетсіз тақырыпты арқау еткен арнайы фильм прокатқа шығыпты. Бұл арқылы кино түсірушілердің не айтпақ болғаны түсініксіз?! Қазақтың руларын салыстыратын, кемсітетін фильмдердің мақсаты қандай? Тіпті бұл фильмді жарнамалау үшін жасалған арнайы экспозицияда руға бөлінуді қойып, Қазақстанның картасын үш жүзге бөліп қойғанды көрдік. Бұл не деген бассыздық? Ол – ұлт үшін ең сезімтал тақырыпты айқайлатып әлеуметтік контент, кино тақырыбына айналдырып, көрермен жинау. Түбі бұл жақсылыққа әкелмейді, – дейді Ерлан Саиров.

Халық қалаулысының сөзінше, ұлттық бірлікті әлсірететін мұндай әрекеттер қысқа мерзімді хайп пен пайда әкелуі мүмкін, алайда ұзақ уақытта қоғамға іріткі салып, жастардың дүниетанымына кері әсер етуі ықтимал. Депутат жауапты органдарды рухани қауіпсіздікке әсер ететін контентке бейжай қарамауға шақырды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар