АҚШ 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірден жеті елдің азаматтарына ел аумағына кіруге толық тыйым енгізбек. Тиісті шешім Ақ үйдің ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды Alash.kz.
АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың бастамасымен қабылданған жаңа көші-қон саясаты аясында Буркина-Фасо, Мали, Нигер, Оңтүстік Судан, Сирия, Лаос және Сьерра-Леоне азаматтарына АҚШ-қа кіруге рұқсат берілмейді.
Бұған дейін Лаос пен Сьерра-Леоне елдеріне қатысты тек ішінара шектеулер қолданылған болатын. Енді бұл мемлекеттер де толық тыйым салынған елдер қатарына енгізілді.
Сонымен қатар Ауғанстан, Гаити, Иран, Йемен, Ливия, Мьянма, Конго Республикасы, Сомали, Судан, Чад, Экваторлық Гвинея және Эритрея азаматтарына бұрын енгізілген шектеулер өз күшінде қала береді.
Ақ үй құжатында Палестиналық автономияның құжаттарымен сапарлайтын тұлғаларға да АҚШ аумағына кіруге тыйым салынатыны нақты көрсетілген.
Ресми мәліметке сәйкес, жаңа талаптардың барлығы 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.