Жаңа жыл – әлемдегі қуанышқа толы ең ғажайып мерекелердің бірі. Alash.kz ұлттық порталы жаңа жылдық өлең-жырларыy ұсынады.
Тағы келді жаңа жыл,
Айтамыз біз жаңа жыр!
Жақсы тілек тілейміз
Құтты болсын жаңа жыл!
Жасыл шырша маңына
Жиналамыз бәріміз.
Қызық пенен думанға
Арналады әніміз.
Қызыл-жасыл ойыншық
Шыршада тұр ілініп.
Көз тартады тамсанта
Бірде жанып, бір сөніп.
Аң мен құстың бәрі де
Жиналыпты бұл маңға.
Аю, қоян, түлкі де
Қатысады ойынға.
Жүргендейміз бәріміз
Ертегілер жерінде.
Күміс қырау, аппақ қар
Нұр шашады көгімде.
Аяз Ата, кел-кел деп,
Күтіп жүр ғой балалар.
Келді, міне, өзі де
Арқасында қабы бар.
Ақшақары жанында
Келді Аяз Атамыз.
Сыйлық бізге берсін деп,
Ән мен жырды айтамыз.
Аяз Ата келді де,
Шырша шамы жағылды.
Бастаймыз деп ойынды
Той дабылы қағылды.
Би билейді қояндар,
Қасқырменен дос болып.
Қызыл телпек, Күлше қыз
Ортада жүр құлпырып.
Аю келді қорбаңдап,
Жанында жүр көп тиін.
Маска киген балалар
Тосып жүр ғой өз сыйын.
Неткен қызық тамаша,
Айтылды көп ән мен жыр.
Шаттық, бақыт әкелер
Құтты болсын жаңа жыл!
Тек жақсылық әкелсін,
Адамзатқа Жаңа жыл!
Ашық аспан астында
Шарықтасын жаңа жыр!