Маңғыстау облысындағы әскери бөлімде қаза тапқан сарбаз Жайғалиевтің өліміне қатысты тергеу аяқталып, іс материалдары сотқа жолданды, деп жазады Alash.kz.
Әскери прокуратураның тексеруі нәтижесінде, бөлім командирінің қызметтік міндетіне салғырт қарап, жеке құрам мен қару-жарақты қолдану тәртібін тиісті деңгейде бақыламағаны анықталды. Бұл бақылаусыздық биыл 17 ақпанда Бейнеу ауданында оқ атылып, сарбаздың өмірі қиылуына әкеп соқты.
Қайғылы оқиғадан кейін әскери бөлімде ірі кадрлық тазарту жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, барлау-шабуыл батальонының командирі, оның орынбасары және рота командирі қызметтерінен шеттетілді. Бұдан бөлек, тағы он қызметкерге қатысты тәртіптік шаралар қолданылды.
Прокуратура мәліметінше, командирдің жеке құрам арасындағы тәртіпті қадағаламауы мен қарумен жұмыс істеу ережелерін елемеуі қайғылы жағдайдың басты себебі болып отыр.
https://t.me/alashkznews