Алматы облысының Рысқұлов ауылында 39 жастағы әйел аяусыз өлтірілді. Күдікті ретінде оның 15 жыл бойы бірге тұрған азаматтық некедегі күйеуі ұсталды, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Қайғылы жағдай ерлі-зайыптылардың 5 жасар қызының көзінше болған.
Алматыдан 30 шақырым жерде орналасқан ауыл тұрғындары әлі де есеңгіреп отыр. Алдын ала мәлімет бойынша, 45 жастағы ер адам мас күйінде әйеліне екі рет пышақ сұққан. Алған жарақаты салдарынан әйел есін жимастан тіл тартпай кетті.
Қылмыстан соң ер адам мәйіттің үстін көрпемен жауып, қашып кеткен. 5 жасар қыз бала түні бойы анасының мәйітінің қасында болған. Таңертең ғана әжесіне барып көмек сұрай алған.
Марқұмның анасы Тұраш Қуанышева күйеубаласының қызына күн көрсетпегенін айтып, көз жасына ерік берді.
«Кішкентай немерем жүгіріп келіп: «Мамамды бауыздап тастады» деді. Барсам, қызым қан-жоса болып жатыр екен. Ол нағыз құбыжық! Қызымды үнемі соққыға жығатын. Мен оны барынша қорғадым, «ажырас» деп те айттым. Енді ол түрмеде шірісін, тіпті өлім жазасына кессе де аз», — дейді марқұмның анасы КТК арнасына берген сұхбатында.
Туыстарының айтуынша, күдікті ресми түрде еш жерде жұмыс істемеген және ішімдікке салынған. Ол жиі жанжал шығарып, отбасының берекесін алатын болған.
Қылмыс жасағаннан кейін қашып кеткен ер адам бір тәуліктен соң Талғар қаласында ұсталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, кешенді тергеу амалдары жүріп жатыр. Егер кінәсі дәлелденсе, ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.