Футболдан Португалия ұлттық құрамасының капитаны Криштиану Роналду әлем чемпионатының 1/8 финалында Испаниядан ұтылып, жарыс жолынан шығып қалғаннан кейін өз ойын ортаға салды, деп хабарлайды Alash.kz.
41 жастағы аңызға айналған шабуылшы әлем біріншілігіндегі бұл сәтсіздіктің өзіне өте ауыр соққы болғанын, дегенмен бұл нәтиже үшін өзін кінәламайтынын баса айтты. Естеріңізге сала кетсек, өткен түнде өткен тартысты кездесуде Португалия құрамасы Испанияға 0:1 есебімен жол берген болатын. Аса маңызды матчтың тағдырын шешкен жалғыз голды Испания құрамасының ойыншысы Микель Мерино кездесудің негізгі уақытына қосылған 90+1 минутта соғып, өз командасын ширек финалға алып шықты.
Осы ауыр жеңілістен кейін Португалия құрамасының көшбасшысы Криштиану Роналду БАҚ өкілдеріне ағынан жарылып, былай деп мәлімдеді:
«Біз жақсы ойын көрсеттік. Бұдан да жақсы ойнауымызға болар еді, бірақ Испания – әлемдегі мықты құрамалардың бірі. Меніңше, олар финалға дейін жетеді немесе сол деңгейге жақын болуы мүмкін. Қазір әлем чемпионатынан шет қалғанымыз ауыр тиіп тұр, бірақ мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Португалиямен бірге бүгінге дейін үш кубок ұтып алдым. Криштиану Роналдуға дейін Португалияның еншісінде ешқандай кубок жоқ еді. Менің ең үлкен жеңісім – Еуро-2016 чемпионатындағы жеңісіміз. Міне дәл осы кубок мен үшін әлем чемпионаты секілді құнды. Ертең жаңа күнім басталады, өмір жалғаса береді. Мен ар-ұятым таза күйде оянамын, өйткені қолымнан келгеннің бәрін жасадым».