АҚШ президенті Дональд Трамп консервативті New York Post таблоидына берген сұхбатында Венесуэла басшысы Николас Мадуроны тұтқындау операциясы барысында америкалық әскерилер «жаңа құпия қаруды» пайдаланғанын айтты, деп жазды Alash.KZ.
Трамп бұл қаруды «дезориентатор» деп атады.
Трамптың айтуынша, бұл жұмбақ қару Венесуэладағы әскери техниканы іске жарамсыз күйге келтірген. Дәл сол күні америкалық арнайы жасақ Каракаста Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флоресті тұтқындаған. АҚШ билігі оларды есірткі саудасына қатысы бар деп айыптайды.
«Олар (Мадуроны қорғаушылар – ред.) зымырандарын іске қоса алмады. Оларда ресейлік және қытайлық зымырандар болды, бірақ бірде-бірі жұмыс істемеді. Біз кірдік, олар батырмаларды басты, алайда ештеңе болмады», – деп сипаттады Трамп «дезориентатордың» әсерін.
Оның сөзінше, бұл жаңа қару Каракастағы америкалық операцияда шешуші рөл атқарған. Алайда президент оның нақты қалай жұмыс істейтіні туралы мәлімет беруден бас тартты.
Трамп бұл мәлімдемесін АҚШ БАҚ-тарында тараған ақпараттар аясында жасады. Онда Джо Байденнің президенттік мерзімінің соңына қарай АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігі «гаван синдромын» тудыруы мүмкін құрылғы сатып алғаны айтылған.
«Гаван синдромы» деп АҚШ елшіліктерінің қызметкерлері әлемнің түрлі елдерінде тап болған түсініксіз неврологиялық белгілерді атайды. Бұл синдром алғаш рет 2016 жылы Кубада тіркелген. Сол кезде америкалық дипломаттар белгісіз дыбыстарды есту, жүрек айну, есте сақтау немесе есту қабілетінің төмендеуі секілді шағымдар айтқан. Кейін бұл құбылыс микротолқынды сәулеленумен байланысты болуы мүмкін деген болжам ұсынылған.
New York Post басылымы АҚШ операциясының куәгерлеріне сілтеме жасап, рейд кезінде Венесуэла президентінің күзетшілерінің мұрнынан кенеттен қан кеткенін, ал кейбірінің қан құсып қалғанын жазады.
Тақтан тайдырылған Венесуэла басшысының күзетшілерінің бірі кейінірек:
«Кенеттен біздің барлық радиолокациялық жүйелеріміз ешбір түсіндірмесіз істен шықты. Бір сәтте олар бірдеңені іске қосты, оны қалай сипаттауды білмеймін. Бұл өте күшті дыбыс толқыны сияқты болды. Сол сәтте басым ішінен жарылғандай сезілді», – деп мәлімдеген.