«Қыз Жібек» фильмі арқылы халықтың ықыласына бөленген аңыз актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешева продюсер Баян Алагөзованың мәлімдемесіне қатысты ойын айтты, деп жазады Alash.kz 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.
Өнер иесі өзіне ай сайын қомақты қаржылай көмек берілетінін естігенде қатты таңғалғанын жеткізді. Aктриса бұл жаңалықты жұртпен бірге әлеуметтік желіден білгенін айтып, продюсердің бұл қадамы өзі үшін тосын сый болғанын ашып айтты.
Актриса мен продюсер осы уақытқа дейін өмірде бетпе-бет жүздесіп көрмеген болып шықты. Тіпті екеуінің арасында ешқандай жеке таныстық та жоқ. Соған қарамастан, Меруерт Өтекешева Баян Алагөзованың кәсіби біліктілігі мен атқарып жүрген еңбегін жоғары бағалайтынын айтады.
Актриса ағынан жарылып, былай деді:
«Бұл жаңалық мен үшін өте күтпеген жерден болды. Баянмен өмірде кездеспеген екенбіз, жеке таныстығымыз жоқ. Бірақ оның жұмыстарын сырттай бақылап, талантты продюсер ретінде құрметтеймін».
Қазіргі таңда бұл бастама желіде қызу талқыға түсіп жатыр. Көпшілік продюсердің аға буын өкіліне көрсеткен мұндай құрметін игі іске балап, оң бағасын беруде. Меруерт Өтекешеваның өзі де бұл қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, күтпеген жерден жасалған ізетке ризашылығын білдірді.