Сербияда Қазақстан азаматшасы Амира Қанаттың қазасына қатысты марқұмның әкесі көпшілікке үндеу жасады, деп хабарлайды Alash.kz.
Марқұмның әкесі Threads әлеуметтік желісінде арнайы бейнеүндеу таратып, өз перзентінің Белград шаһарындағы көпқабатты үйлердің бірінің алтыншы қабатынан құлап, мертіккенін хабарлады.
Ғаламторда жарияланған деректерге сүйенсек, бойжеткен бұл елге нәпақа табу мақсатында сапарлаған. Арада біраз уақыт өтіп, қызымен байланыс мүлде үзілгеннен кейін, әкесі Белградқа іздеп барып, сонда оның ажал құшқаны туралы қайғылы хабарды естіген.
Жарияланған бейнежазбада марқұмның әкесі бұл оқиғаға белгілі бір тұлғалардың қатысы болуы ықтимал деген күдігін жеткізді.
«Қазір Влад есімді жігіттің парақшасын таптым. Оның аккаунтын жариялаймын, қызымның суретін де бөлісемін. Бұл жігіттің осы оқиғаға қатысы бар. Сонымен қатар бұған Украинадан келген бір-екі қыздың да қатысы болуы мүмкін екені айтылып жатыр. Мұнда күмәнді жайттар бар. Мүмкін олар қызымды ұстап отырған шығар немесе оған қандай да бір ықпал еткен шығар. Қызым қысым көргендей әсер қалдырады. Сондықтан қолымдағы мәліметтердің бәрін жариялаймын. Араларыңызда көмектесе алатын адамдар болса, жан-жақтан қолдау көрсетулеріңізді сұраймын», – деді марқұмның әкесі.
Қазіргі таңда бойжеткеннің отбасы Амира Қанаттың сүйегін елге қайтару және отбасына жеткізу мақсатында қаржылай көмек жинастырып жатыр.