Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Күдіктіге 12 түрлі қылмыс бойынша іс қозғалды»: Талғардағы болған қанды оқиғаға қатысты жаңа дерек шықты

16:06, 08 ақпан 2026

Алматы облысында қыркүйек айында орын алған қанды қылмысқа күдіктілер мен лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамаған полиция қызметкерлеріне қатысты сот процесі басталды, деп жазады Alash.kz. 

Атап айтқанда, Талғар аудандық полиция басқармасының екі тергеушісіне қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және әрекетсіздік таныту айыптары тағылып отыр. Прокуратура органдарының мәліметінше, құқық қорғау өкілдерінің салғырттығы ауыр зардаптарға, соның ішінде кісі өлтіру, жас баланы ұрлау және зорлау қылмыстарының орын алуына тікелей себеп болған.

Қайғылы оқиғаның мән-жайы өткен жылдың 6 қыркүйегінде Талғар ауданына қарасты Қызылқайрат ауылында белгілі болды. Тергеу деректеріне сүйенсек, техникалық қызмет көрсету орталығының қызметкері жергілікті тұрғынға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасап, кейіннен бір ай бойы жәбірленушіні бопсалап келген. Артынша күдікті әйелдің туған ағасын өлтіріп, оның екі жасар қызын күшпен алып кеткен. Құзырлы органдардың қуғындауы кезінде айыпталушы автокөлікпен бірге баланы жанына алып, жардан секіріп кеткен. Соның салдарынан бүлдіршін түрлі дене жарақаттарын алып, оған шұғыл ота жасалды.

Оқиғаны тексеру барысында зардап шеккен әйелдің қайғылы жағдай орын алмас бұрын, яғни бір ай бұрын полицияға зорлау дерегі бойынша шағым түсіргені анықталды. Алайда сол уақытта полиция қызметкерлері тарапынан тиісті алдын алу шаралары жүргізілмей, күдікті азамат қамаудан босатылған. Осы дерек бойынша Алматы облыстық прокуратурасы полицейлердің әрекетсіздігіне қатысты қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі таңда сот талқылауы жабық режимде жүргізілуде. Істің басты фигурантына жалпы саны 12 қылмыстық құқық бұзушылық бойынша айып тағылып отыр. Сонымен қатар сотталушылар қатарында кісі өлтіру және адам ұрлау әрекеттеріне қатысы бар деп танылған екі жасөспірім де бар.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар