Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген белгілі ақын, әрі қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық Жазушысы Мұхтар Шахановтың отбасына арнайы барып, ұлының қазасына байланысты көңіл айтты, деп жазады Alash.kz.
Бұл туралы ақпаратты қоғам белсендісі Берік Ағыбаев әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлаған.
Қоғам белсендісінің жазуынша, Димаш Құдайберген ақынның шаңырағына барып, жақындарының қайғысына ортақтасып, марқұмның рухына құран бағыштаған. Берік Ағыбаев бұл әрекетті өнер иесінің адамгершілігі мен азаматтық ұстанымының көрінісі ретінде атап өтті.
«Бүгін Халықтың аяулы ұлы, Қазақстанның Халық әртісі, әнші Димаш Құдайберген белгілі ақын, Еңбек Ері, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың ұлының қазасына байланысты арнайы келіп, көңіл айтуын жеткізді. Қайғысына ортақтасып, жүрегіне жазылмас жара салған бұл ауыр күнде ағамыздың шаңырағында құран бағыштағанының өзі бір көрегенділік», — деп жазды.

Еске сала кетейік, Мұхтар Шахановтың ұлы Қуаныш Мұхтарұлы осыдан екі апта бұрын дүниеден өткен. Бұған дейін, 2021 жылы ақынның тағы бір перзенті Рауан Шаханов қайтыс болған еді.