Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Көп қан кеткен…»: Әскерде ауыр жараланған сарбаздың жақындары дабыл қақты

13:29, 04 тамыз 2026

Қапшағайдағы №32363 десанттық-шабуылдау әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген сарбаздың ауыр жарақаттануына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Alash.kz.

Туыстарының берген мәліметіне сүйенсек, әскери қызметші түнгі мезгілде төртінші қабат биіктігінен құлап түскен. Аман қалғанымен, ол өте ауыр жағдайда жансақтау бөліміне орналастырылды. Дәрігерлер қажетті жедел емдеу шараларын жүргізіп, бірнеше күрделі операция жасады. Жақындарының айтуынша, сарбаздың өкпесі зақымданып, көкбауыры сылынып алынған, ішегі тігіліп, бүйрегі зақымдалған. Одан бөлек, қабырғалары мен жамбас сүйегі сынған.

Журналист Гүлмира Әбіқайға сұхбат берген сарбаздың әпкесі Әсел ішкі ағзаларының зақымдану дәрежесін айтып берді.

Ол: «Балаға операция жасалды. Өкпесі жараланып, көп қан кеткен. Жыртылған ішегі тігілді. Бүйрегіне соққы тиіп, ұйып қалған қан тазаланды. Сол жақ қабырғасы мен жамбасы сынған», – деп мәлімдеді.

Сарбаздың жақындары мұндай ауыр дене жарақаттарын тек биіктіктен құлау салдарынан алу мүмкін еместігін алға тартып, күмән білдіруде. Олар оқиғаның барлық мән-жайын егжей-тегжейлі тексеруді талап етеді.

Сонымен қатар сарбаздың анасы да ұлының төртінші қабаттан өз еркімен секіргеніне сенбейді. Оның сөзінше, перзенті әскердегі қызметін үнемі жақсы жағынан сипаттап, таяуда парашютпен секіретінін қуанышпен хабарлаған.

Жарақат алған сарбаз – отбасындағы үш баланың үлкені. Қазіргі уақытта оның туған інісі де әскери борышын өтеп жүр.

Өз кезегінде Қорғаныс министрлігі бұл оқиғаға байланысты Әскери-тергеу басқармасы тарапынан қылмыстық іс қозғалғанын растады. Министрлік арнайы комиссия құрып, жағдайды жіті бақылауға алғанын хабарлады.

Қазіргі таңда сарбаз дәрігерлердің бақылауында жатыр. Оқиғаның нақты себептері жүргізіліп жатқан тергеу амалдарының нәтижесінде белгілі болады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар