Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Кімнің кім екені тар орын, тайғақ кешуде білінеді - Міржақып Дулатұлы «халықты сатушылар» жайлы

00:20, 13 сәуір 2024 583

Жайшылықта кім жаман? Жұрттың бәрі жақсы, бәрі де ер, бәрі де ұлтшыл. Кімнің кім екені тар орын, тайғақ кешуде білінеді.

Николай заманын бастан кешірдік. Ол заман түпсіз терең бір тұңғиық еді. Ол кезде қара халық былай тұрсын, көзі ашық оқыған азаматтарымыздың көбі саясаттан бейхабар, ұлт жұмысынан бойын аулақ салып,күнелтудің соңында жүрді. Бірақ бұларға өкпе жоқ еді, өйткені белсеніп жұртқа басшылық етпедің деуге болса да, зиянды іске кіріспегеніне жұрт риза еді. Ол заманда шын өкпелеуге болатын адамдар болды. Олар хакімге жағынып, түйме-танаға қызығып, жандармдарға жалданып, халықты сатушылар еді. Бостандық туған соң бұлардың сыры ашылып, таңбасы басылып, арамыздан шығып қалды.

Алаш басына екінші қиын күндер туды. Ол күндер 25 июнь жарлығы еді. Жұрт ботадай боздады. Алды қашып, арты сасып, бірсыпыралары қырғынға ұшырап жатқанда, көктен тілегені жерден табылғандай дағдарған елді жем қылып, тонауға кіріскен де болды. Жақсылық туды, жігіттер қайтты, елдің көңілі жайланды. Кімнің кім екені сонда бір білінді.

Большевик дәуірі басталды. Жұрт жылады. Тал түсте таланды. Азаматы өлді, әйелі зорланды, дүниесі бүлінді. Осындай қиямет-қайым күндер туғанда, біздің арамыздан да большевик болып, жұртты қоса талаған, азаматтарымыздың үстінен шағым жүргізген, өлімге бұйыртқан, оққа байлатқан антұрғандар шықты. Большевиктің ғұмыры ұзын болса, бұлар елдің сәнін кетіретін еді.

Құдай сақтап, көп жерден большевиктің көзі жоғалды, халық уһ деп демін алып отыр. Әлі де болса большевиктен құтылмаған елдеріміз бар. Мысалы, Жетісу, Сырдария облыстары. Ол елдер күні бүгінге шейін қырғынға ұшырап жатыр. Міне, большевиктер талайдың сырын тағы ашты.

Саңан болса, Алаш, енді ойлан! Жайшылықта жап-жақсы болып жүрсе де, таршылықта жалт беріп жауыңа қосылып, жаныңа қастық қылатын, малыңа құрық салатын кім екенін біліп қой! Мұндай жауыздарды мұнан кейін маңайына жолатпа, аластап араңнан шығар! Мұндайлар жұртқа опа бермейді, ертең тағы бір жамандыққа ұшырасаң, миыңды шағатын, түбіңе жететін осылар, сақтан!

Міржақып ДУЛАТҰЛЫ

«Қазақ» газеті, 1918 жыл, №264

Дереккөз: Дулатұлы М., Алты томдық шығармалар жинағы.2-том. - Алматы, 2013 ж.

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар