Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Киікті сақтап қалуға қолдау көрсетті»: Ханзада Уильям Қазақстандағы киіктерді қорғау жетістігін жоғары бағалады

20:00, 27 қазан 2026

Ханзада Уильям Қазақстандағы киіктерді қорғау жетістігін жоғары бағалады, деп хабарлайды Alash.kz.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 23 қазанда BBC арнасындағы The Graham Norton Show бағдарламасында Уэльс ханзадасы Уильям Қазақстандағы киік популяциясының қалпына келуі туралы айтты.

«Бір кездері бұл жануар жойылып кету қаупінің алдында тұрған. Ал қазір олардың саны айтарлықтай көбейді. Қазақстан үкіметі киіктің ел үшін және табиғатты қорғау ісіндегі маңызын түсініп, оны сақтап қалуға барынша қолдау көрсетті», – деді ханзада Уильям.

Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстанның «Алтын Дала» табиғат қорғау бастамасы ханзада Уильям негізін қалаған The Earthshot Prize халықаралық экологиялық сыйлығының «Табиғатты қорғау және қалпына келтіру» номинациясында жеңіске жеткен болатын.

2005 жылы құрылған бастама Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы және халықаралық табиғат қорғау ұйымдарының ұзақ мерзімді серіктестігі аясында жүзеге асырылып келеді.

Бірлескен жұмыстар киік популяциясын қалпына келтіруге, олардың мекендеу ортасын қорғауға және Қазақстанның дала экожүйелерін сақтауға бағытталған.

Қазақстанның киік популяциясын қалпына келтіру тәжірибесі халықаралық деңгейде мойындалып, жабайы табиғатты қорғаудағы табысты үлгілердің біріне айналды.

2024 жылы еліміздегі киіктер саны 2 833 600 бас болса, 2026 жылғы көктемгі санақ қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 4 689 000 басқа жетті.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар