Адвокат Мейірман Шекеев Қаржаубайға қатысты қозғалған қылмыстық істің барысы мен соңғы шешіміне байланысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Alash.kz.
Заңгердің айтуынша, қоғамда түрлі өсек-аяңның таралуына жол бермеу мақсатында бұл ақпаратты ашық жариялау ұйғарылған.
Мейірман Шекеев істің ұзаққа созылуына байланысты бұған дейін нақты түсініктеме беру мүмкін болмағанын жеткізді. Ол өз сөзінде:
«Осы уақытқа дейін жауап бере алмадық, өйткені іс жалғасып жатты. Десе де, осы аралықта қаншама атқарылған жұмыстардың арқасында, біз бұл нәтижеге қол жеткізе алдық деп ойлаймын. Иә, мойындау керек, Қаржаубайдың кейбір жаулары біздің үнсіздігімізді Қаржаубай сотталатынға сайып, бағып жүрді. Алайда бұл істе сол кезде жәбірленуші болған полиция қызметкерлерінің адамгершілігі биік болды. Соның негізінде және құқық қорғау органдарының бұл істе объективтілік танытқанының арқасында Қаржаубайға қатысты қозғалған қылмыстық іс Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабының 1-бөлігінің 12-тармағының негізінде тоқтатылды», - деп атап өтті.
Адвокат бұл нәтиженің қорғаушылар командасы үшін де «үлкен жеңіc» болғанын жасырмады.
Ол өз сөзін:
«Қаржаубайға інім ретінде болашағы енді ашық-жарқын болсын деп тіледім. Мұндай қиын жағдайға енді түспесе екен деймін, себебі оның көтерген жүгі түптеп келгенде ең ауыр жүк екені анық», - деп түйіндеді.