Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Кеңестік билік өкілі: «Бөкейхановқа келетін болсақ, ол - қазақ даласының асқан білгірі. Оны тиімді пайдалана білу керек»

01:22, 13 шілде 2024 548

Ә.Ермековтің Лениннің сұрағына: «Қазақстанда жерге байланысты ұлтаралық қатынастың шиеленісіп тұрған қазіргі жағдайында қазақтардың өздерін жерге орналастырып алмай, шаруаларды қоныстандыруға мүлдем қарсымын және қоныстандыру әрекеті шұғыл тоқтатылуы керек, - деп жауап беруі де сондықтан.

Бұл тар ойлы тарихшылар айтқандай, «орыспен бірге өлейік» деген сөз емес, ұзақты болжаған саясат еді. Оның шындығына қазір толық көз жетіп отыр.

Міне, осы айтыста «аса қауіпті адам» ретінде Ә.Бөкейханов чекистердің ерекше құпия бақылауына алынды. «Кәрі көсем» туралы қазақ үкіметінен шұғыл түрде мәлімет талап етті. Мәселенің кеңес дәбірлерін дүр сілкіндіргені сондай, Қазақ АССР халық комиссарлары кеңесінің төрағасы В.А.Радус-Зенькович 1921 жылы 13 маусымда Орынборда РКП(б)-ның І қазақстандық партия конференциясында сөйлеген жауап сөзінде:

«Енді Бөкейханов туралы мәселеге келейік. Маған бұл сұрақ Москвада жүрген кезімде қойылды. БОАК-нің мүшесі жолдас Соколов менен: Қазаткомда алашордашыл Бөкейхановтың отырғаны рас па? - деп сұрады. Қазаткомның мүшесі Бөкейханов (Ғабдүлхакім Бөкейханов - Т.Ж.) кадет Бөкейхановпен еш туыстығы жоқ, олар Қазақстанның екі түкпірінен, - деп жауап бердім. Кез-келген мін таққысы келген адам алдымен шындыққа көз жеткізіп, анықтап алуы керек, содан кейін барып ауыр сөздер айтуға болады...

Егерде әйгілі Бөкейхановқа келетін болсақ, ол - қазақ даласының асқан білгірі. Оны тиімді пайдалана білу керек. Ол алдағы уақытта да техникалық қызметкер ретінде жүріп те ықпал жасауы мүмкін, бірақ та ол жергілікті жердің жағдайын тез аңғарады, сонысымен де үлкен көмек көрсетеді. Ол қазақ тұрмысының нағыз әмбебап энциклопедиясы, өлке тарихының оқымыстысы. Ешқандай кітап оны алмастыра алмайды. Бізге осындай, әрине, біздің бақылауымызбен және басшылығымызбен жұмыс істейтін кадрлар өте қажет.

Жалпы қазақ құрылтайы кезінде де біз қазақ интеллигенттерін сауатсыздықпен және қараңғылықпен күресуге шақырғанбыз. Біз барлық сауатты қызметкерлерді есепке алып, ағарту жұмысына пайдалануға тырыстық. Шексіз даланы өзіңе бағындыру өте қиын. Өз күшімізбен алып шыға алмаймыз. Ал сіздер, жергілікті жердегі жолдастар, қазақ қызметкерлерін сауатсыздықты жоюға жұмылдыра білдіңіздер ме, мұндай күшті ескердіңіздер ме?», - деп конференция делегаттарына түсініктеме берді.

Өзге-өзге, қазақ ұлтын сауаттандыру мен өркениетке жетелеу жолында Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновты алмастыратындай адам қазақ даласында жоқ болатын. Мұқым жұрт оларды ұлттың көсемі деп танитын. «Коммунистік-колонизаторлық» рухы үстемдік алып, кешегі қоныс аударушылар қазақ жерін телімге салуға ұмтылған кезінде, олар, әрине, қарсылық көрсетті.

Дереккөз: Тұрсын Жұртбай, "Ұраным - Алаш!..." Бірінші кітап.-Алматы, 2019

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар