Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Кедергі келтіріп отыр»: Талғар тұрғындары Тоқаевқа үндеу жолдады

16:12, 14 шілде 2026

Алматы облысы Талғар ауданындағы Еламан ауылының тұрғындары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдап, елді мекен аумағында осыдан 14 жыл бұрын сібір жарасына байланысты рәсімделген мемлекеттік актінің заңдылығы мен ғылыми негізділігін қайта тексеруді сұрады, деп хабарлайды Alash.kz.

Yндеу иелерінің мәлімдеуінше, 2012 жылы қабылданған бұл құжат тұрғындардың күнделікті өміріне үлкен кедергі келтіріп отыр. Атап айтқанда, ауыл халқы аталған шектеулердің кесірінен өздеріне тиесілі жер телімдерін заңдастыра алмай, жылжымайтын мүлікті рәсімдеу, үй салу, баспанасын кепілге қою немесе сату барысында түрлі заңдық және әкімшілік қиындықтарға жиі тап болатынын жеткізді.

Хат авторлары егер бұл маңда шынымен де өте қауіпті індет ошағы болса, мемлекет тарапынан тұрғын үй құрылысына жер телімдері үлестіріліп, мектеп, жол, инженерлік желілер мен басқа да әлеуметтік инфрақұрылым нысандары бой көтермес еді деген уәж айтады. Олардың пайымдауынша, аталған нысандардың салыну фактісінің өзі бұл аймақтың кезінде игеруге толық жарамды деп танылғанын дәлелдейді.

Сонымен қатар, тұрғындар бүгінгі күнге дейін ауыл маңының санитариялық-эпидемиологиялық жағдайына қатысты заманауи ғылыми зерттеулер мен зертханалық сараптамалардың нақты нәтижелері туралы бұқараға ешқандай ресми ақпарат берілмегенін алға тартып отыр.

Осыған байланысты ауыл тұрғындары Президенттен 2012 жылғы мемлекеттік актінің қабылдану себептерін тәуелсіз тексеруді, архивтік, санитарлық, ветеринариялық және зертханалық құжаттарға құқықтық баға беруді талап етті. Сондай-ақ олар қажет болған жағдайда тәуелсіз ғылыми мекемелерді тарта отырып қайта сараптама жасауды, егер шектеулердің ғылыми немесе құқықтық негізі табылмаса, оларды заң аясында толық жоюды және бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін тиісті ведомстволарға нақты тапсырма беруді сұрауда.

Ауыл белсенділері өз үндеулерінде мемлекеттік органдарды кінәлаудан аулақ екенін, олардың жалғыз мақсаты — түйткілді мәселенің ғылыми, құқықтық және заң аясында әділ зерделеніп, оңтайлы шешілуі екенін ерекше атап көрсеткен.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар